Марат Ахметжанов: Жол апатының 75% инфрақұрылымы төмен елді мекендерде болады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жол-көлік оқиғасының негізгі себептерінің бірі – жолдардың жағдайы және инфрақұрылым. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, жол көлік оқиғаларының 75% және жаяу адамдарды қағып кету салдарынан болған өлімнің 28% елді мекендерде болған.

«Жалпы, жаяу жүргіншілермен болған апаттардың ең көп үлесі Шымкент (102 немесе 47%), Алматы (1 007 немесе 30%), Астана қалаларында (190 немесе 6%), Алматы (505 немесе 15%), Жамбыл (311 немесе 9%), Түркістан (158 немесе 5%), Маңғыстау облыстарында (133 немесе 4%) байқалды. Бұл көбінесе – тротуардың, жаяу жүруге арналған жолдардың, жарықтың жоқтығына байланысты», - деді Ішкі істер министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Мысалы, 19 қыркүйекте Алматы облысының Талғар ауданында кешкі уақытта 10 жасар баланы қағып кетіп, бала сол жерде қаза болды.

«Бұл оқиға сол ауылдағы алғашқы жағдай емес. Әкімдер тарапынан бұл мәселе тез арада шешілмесе, жағдай қиын болады», - деді Марат Ахметжанов.

Жалпы ел бойынша қиылыстарда 1 200 бағдаршам, 1 600 «кері санақ» таблосы, 25 мың жол белгісі және 1 млн шақырымнан астам жол таңбасын орнату қажет.

«Жол қоршаулары бойынша да жағдай мәз емес. Жалпы республика бойынша 2 млн пагондық метр қажеттілік бар. Оларды орнату жұмыстары Алматы, Жетісу облыстарында және Шымкент қаласында нашар жүріп жатыр», - деді М. Ахметжанов.

Бұған дейін спикер жыл сайын елімізде 13 мың жол-көлік оқиғасы болатынын, 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 18 мың адам жарақат алатынын айтқан еді.

Марат Ахметжанов автомектептердің оқыту сапасын сынға алды.

Сонымен бірге министр көлікті техникалық байқау операторларының жауапкершілігін күшейтуді ұсынды.


Фото: t.me/KZgovernment





Соңғы жаңалықтар