Марат Ахметжановтың қостанайлықтармен кездесуіне Ресей азаматтары келіп, алғыс айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың Қостанай облысының тұрғындарымен кездесуіне Ресей азаматтары қатысып, қазақстандық сақшыларға алғыс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
«Досым екеуміз Санкт-Петербургтен келдік. 2 қазан күні бізді белгісіз біреулер тонап кеткен болатын. Ақша сомасы болмашы еді. Полицияға арыз жазу-жазбауды, жалпы бұл туралы айтудың қажеті бар ма деп көп ойландым. 3 қазан күні жергілікті тұрғындардың айтуымен полицияға жүгіндім. Сол күні кешкісін қылмыскерлер құрықталды. Қостанайлық тәртіп сақшыларының жұмысына таңғалдым. Алғысым шексіз», – деді көпшілік алдында микрофон алған Ресей азаматы Никита Сгадов.
Жалпы, «Жастар сарайы» ғимаратында өткен министрмен кездесуге 1500-ден астам адам жиналған. Кездесу көрсетілімі министрліктің және облыстық Полиция департаментінің әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында онлайн көрсетілді.
Азаматтарды негізінен отбасылық-тұрмыстық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту, ішкі істер органдарына жұмысқа орналасу, облыстың шалғай аудандарында жаңа учаскелік полиция пунктерін ашу мәселелері толғандырды.
Тағы бір топ азаматты М.Ахметжанов жеке қабылдаған.






