Марат Бәшімов: Halyq Bank «халық» сөзін заңсыз пайдаланып жүр

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов Halyq Bank атауына «халық сөзін» қолдану заңға қайшы деп есептейтінін айтты.

Марат Бәшімов
Фото: Марат Бәшімов/Facebook

- Менен бір сарапшы сұрады. «Неге Halyq Bank-ке «халықтың банкі» деген атауды беріп қойғансыздар», - дейді. Азаматтық кодексте Қазақстан Республикасының атынан атау қоюға тыйым бар. «Халық» деген ұғым – конституциялық термин. Халық атынан сөз сөйлеп, көпшілікке шыға алатын тұлғалардың саны шектеулі. Ал бұл банк халықтың атын өздеріне алған, «Халықтың банкіміз» деп елді шатастырып жүр. Қарапайым адам «Халық банк» деген халықтың банкі екен деп ойлайды. Кешіріңіз, кім оған ондай атау қоюға рұқсат берді? Әділет министрлігі осыған кірісіп, атауды қайта қарап, талқылауға шығару керек. Ол «халық» сөзін қолдана алмайды. Өйткені бұл – конституциялық термин. Әділет министрлігі қорытынды берсін, - деді депутат.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова бұл сұраққа жауап беруге құзыреті жоқ екенін айтып, қысқа жауап қайырды.

Айта кетейік,  Ұлттық банк пен Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі Мәжілісте банктер туралы заң жобасын таныстырды. 

Соңғы жаңалықтар