13:50, 20 Қаңтар 2009 | GMT +5
Марат Мәзімбаевтың промоутерлік компаниясы алғашқы кәсіпқой бокс жекпе-жектерін өткізеді
АЛМАТЫ. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Марат Мәзімбаевтың промоутерлік компаниясы ақпанның 6-сы күні Алматыда кәсіпқой бокстан халықаралық жекпе-жектер өткізеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат «ZHERSU» корпорацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бұл Марат Мәзімбаевтың промоутерлік компаниясының ең алғашқы жекпе-жек сайыстары болмақ. Оған Қазақстаннан ? 7, Өзбекстаннан ? 4, Ресейден ? 3 былғары қолғап шебері қатысқалы отыр. Ел намысын қорғайтын спортшылар арасында әуесқой бокстан Әлем кубогының жүлдегері және Қазақстанның 2 дүркін чемпионы болған Қанат Орақбаев (69 кг), әскерилер арасындағы Әлем чемпионатының жүлдегері Берік Қалиев (61 кг), жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының жүлдегері Міржан Жақсылықов бар. «ZHERSU» корпорациясы мен Марат Мәзімбевтың проумоутерлік компаниясы мұндай шараларды алдағы уақытта айына 2 рет өткізіп тұруды өз жоспарларына енгізіп отыр. Онда Қазақстанның кәсіпқой боксшылары ТМД (Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Белорусь, Тәжікстан және Кавказ бен Балтық жағалауы елдері) мен Еуропа, Оңтүстік және Солтүстік Америка мен Азияның түрлі елдерінің боксшыларымен қолғап түйістірмек.