Марат Шибұтов: Ата Заң жобасы референдумға шығаруға дайын

АСТАНА. KAZINFORM — Саясаттанушы Марат Шибұтов Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында Қазақстандағы жаңа Ата Заң жобасының бүкілхалықтық референдумға шығаруға толық дайын екенін атап өтті.

о
Видеодан алынған скрин

Марат Шибұтов болашақ бірпалаталы Парламент – Құрылтайды тарату мүмкіндігіне қатысты конституциялық норманы егжей-тегжейлі тұжырымдауды ұсынды. Оның айтуынша, Құрылтай тек заң шығару органы ғана емес, сонымен қатар жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындауды келісуге құқылы. Бұл тізімге Вице-Президент, Премьер-Министр, Конституциялық Соттың 10 судьясы, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесі және Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесі кіреді. Яғни, қазіргі жүйеге қарағанда бұл құқықтар айтарлықтай кеңейтілген.

— «Таратады» деген сөз саяси жүйеде қатал үдерісті білдіреді, бұл депутаттар мен басқа органдар үшін қысымды арттыруы мүмкін. Сол себепті мен оны алып тастап, келісімге келу мүмкіндігін қалдыру үшін «таратуға құқылы» деген тұжырымды қолдануды ұсынамын. Бұл ұсыныс «Президент» бөліміндегі 46-баптың 2, 4, 8-тармақтарына және «Құрылтай» бөліміндегі 62-баптың 1, 2-тармақтарына қатысты. Осылайша, саяси жүйе икемді әрі ымыраға келуге бейімделеді, — деді саясаттанушы.

Сонымен қатар, Марат Шибұтов жаңа Конституцияға енгізілген әрбір тұжырым Конституциялық комиссияда жан-жақты талқылаудан өткенін, ашық қоғамдық бағалаумен сүйемелденгенін атап өтті. Ол бұл үдерістің күрделі, кейде ыңғайсыз болғанымен, адал әрі әділ түрде жүзеге асқанын жеткізді.

— Нәтижесінде қазіргі кезеңде бізде түрлі сала сарапшыларының бірлескен еңбегі, әртүрлі көзқарас, тәжірибе мен дүниетаным нәтижесінде жасалған жоба бар. Сондықтан да, менің ойымша, Ата Заң жобасы жалпыхалықтық дауыс беруге толық дайын, — деп қорытындылады Марат Шибұтов.

Айта кетейік, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның IX отырысы 7 ақпан күні өтті. Онда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин неліктен жаңа Конституция қабылдау қажет екенін түсіндірді

Соңғы жаңалықтар