Мәреге 500 метр қалғанда қамшы бастым – Аламанда топ жарған тұлпардың шабандозы
АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік көшпенділері ойындары аясында өткен аламан бәйгеде Аңсар Арыстанбек тізгіндеген Айқабақ атты тұлпар топ жарды. Kazinform тілшісі шабандозбен тілдесті.

«Үлкен бәйгеде бірінші болып келгеніме қуаныштымын. Мен Алматы қаласы Туғанбай ауылының баласымын. Атқа шабуды әкем үйретті. 8 жасымнан бастап аламан бәйгеде шабандоз болып жүрмін. Бүгінгі жарыста өзіме, астымдағы тұлпарыма сенімді болдым. Соңғы айналымға дейін топта жүрдім. Басты қарсыласым «Жұмыртұяқ», «Қара қыздың» шаршаңқырап келе жатқанын байқадым. 500 метр қалғанда қамшы басып, Айқабақтың бар қарқынын көрсеттім», - дейді шабандоз Аңсар Арыстанбек.

Айта кетейік, 25 шақырымдық Аламан бәйгеге 27 шабандоз қатысты. Соңғы айналымда 7 ат қана қалды. Мәре сызығын бірінші болып «Айқабақ» кесті. «Жұмыртұяқ» екінші болып келсе, қырғызстандық сәйгүлік – «Қара қыз» үштікті түйіндеді.
1-орын: «Айқабақ», шабандоз – Аңсар Арыстанбек, бапкері – Сапарғали Сатпаев, ат иесі – Жамбыл Бөбекбай (Қазақстан);
2-орын: «Жұмыртұяқ», шабандоз – Хамза Аманкелді, бапкері – Марат Ақберлинов, ат иесі – Марлан Бектенов (Қазақстан);
3-орын: «Қара қыз», шабандоз – Элесов Нурэл, бапкері – Керимбеков Нурбек, ат иесі – Сырғақ уулу Изат (Қырғызстан).
Ризабек