Мария Бровкова байдарка мен каноэде ескек есуден әлем чемпионатында үздік бестікке енді

АСТАНА. KAZINFORM — Байдарка мен каноэде есуден Қазақстан құрамасының спортшысы Мария Бровкова Польшаның Познань қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында үздік бестікке енді.

Мария Бровкова байдарка мен каноэде ескек есуден әлем чемпионатында үздік бестікке енді
Фото: ҚР ҰОК

Спортшы бірлік-каноэде 500 метрлік қашықтықтың финалында бақ сынады.

Мария Бровкова қашықтықты 02:06.33 уақытта жүзіп өтіп, қорытынды есепте бесінші орынға тұрақтады.

Алтын медаль канадалық София Дженсенге бұйырды — 02:00.78. Венгриялық Агнес Анна Кис мәреге екінші болып жетті — 02:02.80. Үздік үштікті Беларусь өкілі Алёна Ноздрева түйіндеді — 02:04.80.

Айта кетейік, бүгін, 29 тамызда Мария Бровкова Ульяна Киселевамен бірге екілік-каноэде 200 метрге жарыстың финалында өнер көрсетеді.

Еске салайық, бұған дейін Сергей Емельянов бірлік-каноэде 200 метрлік қашықтықта жетінші орын алған еді.