Шығыс Қазақстанда шекарадағы ауыл «қытай интернетін» пайдаланып отыр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында шекара шебінде орналасқан Марқакөл ауданы Былғары Табыты ауылында 60-қа жуық адам тұрады. Бірақ олар Қазақстан жерінде «Қытай интернетін» пайдаланып отыр.

ауыл
Фото ауыл тұрғындарынан

«Жылдамдығы өте жақсы»

Былғары Табыты ауылына аяқ бассаңыз бірден ұялы телефоныңызға «Қытайға қош келдіңіз!» деген хабарлама келеді.

Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров та айтқан еді. Бірақ әлі күнге дейін мәселе шешілмей келеді.

— Қазір шекаралық аудандарда интернет жоқ. Қытайдың ұялы байланысы ғана істеп тұр. Міне осыны қалыпқа келтіру керек. Ондай аудандардың бәрін Қазақстанның ақпараттық аймағына қайтадан енгізу керек, — деді ол. 

Былғары Табыты ауылының тұрғындары «Билайнның» арнайы тарифіне қосылып, солардың ішінен қытайлық операторды таңдайтынын, сол арқылы интернеттің «қызығын» көріп отырғанын жеткізді.

— Әйтпесе бізде ұялы байланыс та, интернет те ұстамайды. «Қытай интернеті» жақсы болды. Әлеуметтік желіге кіріп, WhatsApp арқылы қаладағы туған-туыспен хабар алмасып отырмыз. Жылдамдығы өте жақсы, — дейді ауыл халқы.

Әкімдік не дейді?

Осы мәселеге қатысты жергілікті биліктің жауабын білу үшін Kazinform тілшісі Марқакөл ауданының әкімі Рүстембек Кемешевке сауалхат жолдады.

— Былғары Табыты ауылында 56 адам тұрады. Соңғы он жылда елді мекеннен 50 адам көшіп кеткен. Ауылдағы интернет мәселесінен хабардармыз. Дауыстық байланыс және мобильді интернетпен қамтамасыз ету жұмысын лицензиялық міндеттеме шеңберінде іске асыру жоспарланып отыр. Марқакөл ауданы бойынша былтырдан бері 13 ауылды, оның ішінде 3 ауылды — Ақбұлақ, Ақжайлау, Қайнарлыны ұялы байланыс операторларының қосымша міндеттемелеріне қосу үшін, тағы 10 ауыл — Жаңаауыл, Қазақстан, Былғары Табыты, Тақыр, Шеңгелді, Қарашілік, Қарой, Жиделі, Игілікті «Востоктелеком» ЖШС арқылы интернетке қосу жай-жапсарын талқылап жатырмыз, — деп жауап берді аудан әкімі.

ауыл
Фото ауыл тұрғындарынан

2026 жылы Ұрұнхайка ауылында республикалық бюджет есебінен талшықты-оптикалық байланыс желілері («КарТел» ЖШС байланыс операторы), 285 адам тұратын Төсқайың ауылында жергілікті атқарушы орган есебінен антенна-мачталық құрылым салынып, іске қосылмақ.

— 2027 жылы 5 елді мекенді (Теріскей-Бөкенбай — 62 адам, Балықтыбұлақ — 45 адам, Бұғы Мүйіз — 63 адам, Шағанаты — 71 адам, Күнгей-Бөкенбай — 41 адам тұрады) республикалық бюджет есебінен интернетпен қамтамасыз ету үшін талшықты-оптикалық байланыс желілері жүргізіледі, — дейді Рүстембек Кемешев.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, биыл 60 ауылға интернет тартылмақ.

Облыс бойынша 2022 жылы 17 ауыл, 2023 жылы 20 ауыл, 2024 жылы 45 ауыл интернетпен қамтамасыз етілген. Бұл бағыттағы жұмыстар осы жылы да жалғасады.

Сол үшін жергілікті атқарушы органдар мен байланыс операторлары арасында келісімшарттар жасалып жатыр.

— Алтай ауданына қарасты Феклистовка ауылында интернет тартылды. Халықтың арыз-шағымдарынан кейін ауылды байланыспен қамту үшін 3 және 4G стандартына сай базалық станса іске қосылды. Оның жылдамдығы 86,9 Мбит/с-қа дейін жетеді. Байланыс операторы «Кар Тел» ЖШС өз қаражаты есебінен антенна-мачталық құрылымды орнатып, электр желісін тартты. Сондай-ақ Tele2 және Kcell/Activ операторларының желісін ортақ пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр, — делінген ақпаратта.

Еске салсақ, осыған дейін әлем елдерінде ұялы байланыс пен интернет қанша тұратынын жазғанбыз.  

Соңғы жаңалықтар