Марқакөлде лай көшкіні опырып кеткен жол қалпына келтірілді – ШҚО

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданында лай көшкіні опырып кеткен жол қалпына келтірілді.

Марқакөл
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Еске салсақ, 12 сәуір күні Марқакөл ауданындағы Мраморное асуы маңында лай көшкіні жүріп, облыстық маңызы бар жол опырылып түскен.

Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аталмыш жол бөлігі жабылып, жедел қайта келтіру жұмыстары басталған еді.

«Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев су тасқыны кезеңін әуеден бақылау барысында «Теректі-Ұрынхай-Төсқайың» трассасының 13 шақырымындағы бұзылған жолды қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Екі күннің ішінде жөндеу жұмыстары аяқталып, бүгін сағат 16:00-де жол ашылған. Осылайша, көлік қозғалысы қайта жанданды», - деп хабарлады өңір әкімінің баспасөз қызметінен.

Қазірде аймақ басшысының тапсырмасымен жол қызметінің мамандары топырақтағы ылғал көлемін есептеп, басқа аумақтарда осындай жағдай қайталабас үшін қадағалау жүргізуде.

Жалпы облыс бойынша қар әлі де көлемді жатыр. Бұқтырма, Үлбі, Үбе, Тұрғысын, Күршім, Қалжыр және Хамир өзендерінде су деңгейі көтерілуі ықтимал. Сондықтан өңір әкімдігі халықты тасқынның екінші кезеңіне дайын болуға шақырды.