Марокко заманауи бронетехника өндірісіне дайындалып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Мароккода заманауи жерүсті әскери брондалған WhAP 8x8 техникаларын жергілікті деңгейде шығаратын ауқымды әскери-өнеркәсіптік жобаны іске қосуға дайындық жұмыстары басталды, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

брондалған техника
Фото: Азертадж

Марокколық Akhbarona басылымы хабарлағандай, жоба Беррешид муниципалитетінде құрылатын «TATA Advanced Systems Maroc (TASM)» өнеркәсіптік кәсіпорнының аумағында жүзеге асырылады.

Ауқымды әрі амбициялы әскери жоба аясында барлығы 400 WhAP 8x8 брондалған машина шығару көзделген. Оның ішінде 150-і Марокконың Корольдік қарулы күштеріне әртүрлі жауынгерлік конфигурациялар мен міндеттерге бейімделген түрде жеткізілмек.

Зауыттағы өндірістік интеграция деңгейі бастапқы кезеңде 35% болады, кейін бұл көрсеткіш 50%-ға дейін артады деп жоспарланған. Құрылысты 36 айдың ішінде аяқтау көзделіп отыр. Кәсіпорын жылына 100 брондалған техника өндіре алады және шамамен 90 тікелей және 250 жанама жұмыс орнын ашады. Akhbarona басылымы бұл жобаны елдің әскери өндіріс саласындағы сапалы серпіліс деп бағалайды.

Жоба Марокко үшін қорғаныс өнеркәсібінде жаңа стратегиялық мүмкіндіктер ашып, елдің аймақтағы беделін арттырады. Сондай-ақ бұл бастама технологиялық және әскери тұрғыдан тәуелсіздікке ұмтылатын Марокконы болашақ қауіптерге төтеп беруге дайындайды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2025 жылдың мамырына дейін Марокко 7,2 миллион турист қабылдап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткішті 22 пайызға арттырды.

Соңғы жаңалықтар