Мароккода тағы бір алтын кеніші табылды

АСТАНА. KAZINFORM — Марокконың Тингир провинциясынан алтын қорына бай жаңа аумақ табылды, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

алтын кен орны
Фото: Азертадж

Канадалық Aya Gold & Silver компаниясы Марокконың шығысындағы Тингир провинциясында, Бумедьен жобасының негізгі белдеуінен батысқа қарай орналасқан Ассирам учаскесінде құрамында алтыны мол жаңа кен орнын тапқанын хабарлады.

Агенттіктің хабарлауынша, компания жүргізген бұрғылау жұмыстарының нәтижелері бұл аймақта болашағы зор қорлар бар екенін көрсеткен.

Ресми мәлімдемеде компания жақында жүргізілген бұрғылау жұмыстары нәтижесінде ұзындығы сегіз километрден асатын алтынға бай минералдану аймағы анықталғанын растады.

Жер бетінен алынған сынамаларда бір тонна топырақтан 12,2 грамм алтын және 4,1% мыс табылған.

Бұл көрсеткіштер «сапалық серпіліс» ретінде сипатталып, өңірде болашақтағы геологиялық барлау жұмыстары үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр, деп жазады марокколық Akhbarona электронды газеті.

Осыған дейін Марокко – Африкада күн энергетикасын дамыту саласында көш бастағанын жазғанбыз.

Сонымен қатар Марокко алғашқы «шыбын фабрикасын» ашқаны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар