Marvel суретшісі Comic Con Astana-да кәсіби комикс жасаудың қыр-сырымен бөлісті
АСТАНА. KAZINFORM — Marvel және DC Comics баспаларымен жұмыс істеген италиялық комикс суретшісі Паоло Панталена Comic Con Astana 2026 фестиваліне арнайы қонақ ретінде келді. Ол Kazinform тілшісіне шығармашылық жолы, әлемдік комикс индустриясындағы тәжірибесі және Қазақстаннан алған алғашқы әсері туралы әңгімеледі.
Паоло Панталена Red Hood, Deathstroke, Batman: Shadow War жобаларымен, сондай-ақ Marvel-дің War of Kings және What If…? комикстерімен жұмыс істеген. Суретшінің айтуынша, Comic Con Astana-ға қатысу оған өз өнері мен тәжірибесін көпшілікпен бөлісуге мүмкіндік беріп отыр.
— Мұнда қонақ ретінде келгеніме қуаныштымын. Өз тәжірибем мен өнерімді осындағы адамдармен бөлісу маған ерекше шабыт сыйлайды. Көпшіліктің шығармашылығыма, тәжірибеме және осы деңгейге қалай жеткеніме қызығушылық танытып жатқанын байқап отырмын, — деді спикер.
Паоло Панталена Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Суретшінің айтуынша, бұған дейін туған елінен мұншалық алыс сапарға шықпаған.
— Қазақстанға алғаш рет келдім. Бұған дейін мұндай алыс сапарға шығып көрмеппін. Келгенімізге екі-ақ күн болғандықтан, әзірге көп жерді аралап үлгерген жоқпын. Бірақ жергілікті мәдениет пен адамдарды жақынырақ танығым келеді. Мұнда тағы үш-төрт күн боламын. Сонда қаланы барынша көбірек аралауға тырысамын. Қазақстанда ұзағырақ қалғым келеді, алайда оған мүмкіндік болмай тұр, — деді ол.
Паоло Панталена комикс салуға 13 жасынан бастап қызыға бастаған. Өзінің сөзінше, жасөспірім шағында бірқатар баспамен жұмыс істеген. Кейін тәжірибе жинақтап, портфолиосын Marvel редакторларына жолдаған.
— 13 жасымда сурет салуға ерекше қызығатынымды түсіндім. Қабілетім бар екенін де сездім. Содан алдыма мақсат қойып, соған жету үшін талмай жұмыс істедім. Бастапқыда ата-анам бұл таңдауымды аса құптай қойған жоқ. Бірақ өз қалауымнан бас тартқан жоқпын. Кейін тәжірибе жинақтап, өзімді дайын сезінген кезде портфолиомды Marvel редакторларына жібердім. Олар әлемнің әр түкпірінен талантты суретшілерді іріктейді. Маған мүмкіндік беріп, осылайша Marvel-мен жұмыс істей бастадым, — деді суретші.
Қазір Паоло Панталена DC Comics-пен де жұмыс істеп жүр. Ол Бэтменге арналған жаңа туындыларын жыл соңына қарай көпшілікке ұсынуды жоспарлап отыр.
— Қазір DC-мен бірлесіп жұмыс істеп жатырмын. Олар үшін карталар мен Бэтменнің мұқабаларын әзірлеп жүрмін. Бұл жұмыстар жыл соңына қарай жарық көреді деп жоспарланып отыр, — деді Паоло Панталена.
Айта кетейік, бүгін Comic Con Astana 2026 фестивалінің екінші күні өтіп жатыр. Поп-мәдениет жанкүйерлерінің басын қосқан фестиваль 6 тамызда басталды және 9 тамызға дейін жалғасады.