Мас күйде рөлге отырған 1 мыңнан астам астаналық жазаланды
АСТАНА. KAZINFORM — Мас күйде немесе есірткі тартып көлік айдаған жағдайда қандай жаза қарастырылған? Бұл сауалға Астана қалалық прокурорының аға көмекшісі Жасұлан Сарпеков жауап берді.

— Жүргізуші көлікті ішімдік ішіп немесе есірткі тұтынып басқарған жағдайда, Әкімшілік кодекстің 608-бабының 1-бөлігіне сәйкес жауапкершілік көзделген. Атап айтқанда, айыпты 15 тәулікке қамауға алынады және 7 жыл мерзімге көлікті басқару құқығынан айырылады. Егер көлікті басқару құқығынан айырылған адам қайтадан мас күйінде немесе есірткі қолданып рөлге отырса, Қылмыстық кодекстің 346-бабы бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған, — деді Жасұлан Сарпеков Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Одан әрі прокурор көмекшісі биыл қанша адам заң бұзғанын сөз етті.
— Жыл басынан бері елорда аумағында Әкімшілік кодексті бұзған 1090 адам жауапкершілікке тартылды. Олар 15 тәулікке қамаққа алынып, 7 жыл көлік басқару құқығынан айырылды. Сонымен қатар 63 адам Қылмыстық кодекстің 46-бабы бойынша жауапқа тартылды, — деп толықтырды спикер.
Айта кетсек, таяуда Астанада мас күйінде көлік айдаған жүргізуші полициядан қашып, патрульдік көлікке соқтығысты.
Сондай-ақ биыл маусымда Қостанайда бас дәрігер мас күйінде көлік жүргізгені үшін қамауға алынды.