Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің 20 томдық жинағы жарық көрді

Жалпы, Мәшһүр атамыздың мұраларын насихаттауда қазіргі уақытқа дейін қыруар жұмыс атқарылды. Осыдан 7 жыл бұрын, яғни 2006 жылы өзінің туған өлкесі - Баянауыл баурайындағы Ескелді шатқалында кесенесі бой көтерді. Бұл бүкіл қазақстандықтарды өзіне тартқан бірегей туристік орынға айналды деуге де болады. Одан кейін Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде 14 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Мұның бәрі - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасының жемісі. Соның арқасында жадымыздан жырақтап бара жатқан қазақ халқының бірқатар тұлғаларын қайта тірілттік.
Ал, Павлодар облысының әкімі Ерлан Арынның бастамасымен жарық көрген жиырма томдық жинақты құрастыруға өңірдің танымал мәшһүртанушы ғалымдары да атсалысты.
Алғашқы төрт томына Мәшекеңнің өлеңдері мен дастандары кірген. Бесінші томынан бастап фольклор мен ауыз әдебиеті үлгілерінің жиынтығы жарық көрді. Сонымен қатар, тарихи-шежірелік туындылары мен ғұлама туралы жазылған ғалымдардың естеліктерін де оқи аласыздар. Ал, соңғы томдарында ол кісінің бұрын-соңды жарыққа шықпаған, халыққа әлі жол тартпаған шығармалары мен аудармалары бар. Мәшһүр атамыздың артында қалған құнды мұралары осымен ғана бітпейді. Әлі де талай томдарға татитын дүниелер жетерлік.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ақын мұрасы жан-жақты зерттеле бастады. Бұл ретте филология ғылымдарының докторы Айтмұхамбет Тұрышев бастаған С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті «Мәшһүртану» орталығының еңбегі өлшеусіз. Ақын мұрасын зерттеуге ғалымдармен қатар, студенттер, мектеп оқушылары да атсалысты. Мәшһүр-Жүсіп еңбектері ғылыми ортаның бағасын алды.
Орталық директорының айтуынша, Мәшһүр-Жүсіп шығармашылығы - қазақстандықтардың рухани байлығы. Ақынның философиялық өлеңдерінің мәні өте терең. Ол жарқын болашаққа озық өнер-білімді меңгеру арқылы жетуге болады деп халықты оқу-ғылымға үндеген.
Алаштың болашағы үшін еселі еңбек еткен азаматтарға құрмет көрсету - біздің қанымызға сіңген қасиет. Ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан бұл үрдіс жоғалмақ емес. Мәшһүр-Жүсіп бабамыздың есімі, өмір жолы мен шығармашылығы ел арасында әлі де кең таралады.