Машина жасау саласына құйылған инвестиция көлемі артып, 376 млрд теңгеге жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Аталған көрсеткіштің өсуі бизнестің мемлекеттік саясатқа деген сенімін көрсетеді. Бұл жөнінде ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумында мәлімдеді. 

Машина жасау саласына құйылған инвестиция көлемі артып, 376 млрд теңгеге жетті
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Оның сөзінше, бүгінде бұл сектор жаһандық күрделі ахуалға қарамастан, ұлттық экономикамыздың тұғырына айналды.

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 5,7 трлн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі шамамен 13%-ға өсті. Кейінгі бес жылда экспорт көлемі екі еседен асып, 1,3 млрд доллардан 3,1 млрд долларға дейін артты. Бұл орайда, сыртқа шығарылатын өнімнің санымен қатар, сапасы да жоғарылап жатыр. Қазақстандық өндірушілер экспорттық нарықтарды сенімді түрде бағындыра бастады. Аталған көрсеткіштердің ар жағында еліміз бойынша 4 мың кәсіпорында жұмыс істейтін 130 мыңнан астам білікті маманның қажырлы еңбегі тұр, - деді О. Бектенов. 

Машина жасау саласына құйылған инвестиция көлемі артып, 376 млрд теңгеге жетті
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Сондай-ақ ол инвестиция көлемі де артып келе жатқанын атап өтті. 

– Инвестициялар да өсіп келеді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар үштен бірге артып, шамамен 376 млрд теңгеге жетті. Бұл осы бағытта жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатқа деген бизнестің сенімін көрсетеді және өнеркәсіпті одан әрі жаңғыртуға негіз болады, - деді Премьер-министр.

Айта кетейік бұған дейін ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласында оң қарқын бар екенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар