Машина жасау саласына ілесу үшін болашақтың мамандарын даярлауға кірістік – ғалым
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Машина жасау саласы соңғы 10 жылда айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Автоматтандыру, цифрландыру және жаңа технологиялардың енгізілуі нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті күшейтті.

Салаға қажет мамандарға қойылатын талаптар да артқан. Осыған орай, машина жасаушылар күніне орай М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Көлік және машина жасау» кафедрасының меңгерушісі Виталий Савинкинді әңгімеге тарттық.
- Виталий Владимирович, машина жасау саласына қажет мамандарды қашаннан бері даярлап келесіздер?
- Ең алғаш 1960 жылы Петропавлда Урал политехникалық институтының негізінде оқыту-кеңес беру пункті құрылған екен. Кейін 1975 жылы ол толыққанды жалпы техникалық факультетке және сол білімнің ортақ орталығына айналды. Сол жылдары 1200-ге дейін студент білім алған. 1978 жылы Қарағанды политехникалық институтының құрамына өтеді. Ал 1996 жылы М.Қозыбаев атындағы университет құрамына кіріп, солтүстік өңірді техникалық кадрлармен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп келеді.
- Қазір қандай мамандарды даярлап жатырсыздар?
- Біз - аймақтағы техника саласындағы мамандарды даярлайтын негізгі білім және ғылыми орталықтардың біріміз. Кафедрада бакалавриат, магистратура және PhD деңгейлерінде мамандар даярланады. Негізгі білім беру бағдарламалары - машина жасау, көлік, көліктік техника және технологиялар, стандарттау және сертификаттау. Соңғы жылдары еңбек нарығындағы сұранысты ескеріп, жаңа бағдарламалар аштық, олар: теміржол вагондарын техникалық пайдалану және жөндеу, робототехника және инновациялық технологиялар, инжиниринг және инновациялық өлшеу технологиялары. Жаңа білім беру бағдарламалары – халықаралық технологиялық стандарттар мен заманауи трендтерге бағытталған.

- Яғни, жастар арасында инженерлік мамандықтар қайтадан сәнді болуы мүмкін ғой?
- Иә, жастардың техникалық мамандықтарға қызығушылығы артты. Бүгінде инженерлік білім – бұл болашағы зор, сұранысқа ие мамандық. Мәселен, «Робототехника» және «Инновациялық өлшеу технологиялары» салаларында жаңа мамандықтар ашылды. Бұл бағыттарда студенттер 3D-принтинг, цифрлық егіздер, аддитивті технологиялар, CNC жүйелермен жұмыс істеуді үйренеді. Бұлардың барлығы қазіргі заманғы машина жасау саласының ажырамас бөлігіне айналды. Бұл технологиялар өндірістік процестерді жылдамдатып, өнім сапасын арттырып қана қоймай, күрделі инженерлік міндеттерді шешуге де мүмкіндік береді. Жоғары білім беру жүйесінде осы құралдармен жұмыс істей алатын, заманауи цифрлық ортаға бейімделген мамандарды даярлау – уақыт талабы.
Мәселен, «Вагондарды техникалық пайдалану, қызмет көрсету және жөндеу» оқу бағдарламасы іске қосылды. Оның маңыздылығы Қазақстанның экономикалық және географиялық ерекшеліктеріне байланысты. Еліміз үлкен аумақты алып жатыр, халықтың сирек орналасуы, минералды ресурстардың әртүрлі аймақтарда шоғырлануы және Еуропа мен Азия арасында орналасуы Қазақстан экономикасын әлемдегі ең көп жүк тасымалдайтындардың біріне айналдырады. Бұл жағдай көлік жүйесіне жоғары тәуелділікті тудырады.
Қазақстан экономикасының дамуы мен елдің интеграциялық процестерге белсенді қатысуы теміржол көлігін халықаралық транзиттік тасымалдарға бейімдеуді талап етеді.
Жылдам дамып жатқан технологиялар, автоматтандыру және цифрлық жүйелер болашақ мамандардың заманауи халықаралық тасымалдау технологиялары, вагондарды интеллектуалды пайдалану және жөндеу әдістерін, сондай-ақ аддитивті технологияларды меңгеруін міндеттейді.
Ең маңыздысы, Қазақстан теміржол құрамдары, жол техникасы және арнайы мақсаттағы кешендер арқылы Еуразияда теміржол жүк айналымын қамтамасыз етеді.
ТМД елдерінде 430 мыңнан астам әртүрлі класстағы теміржол вагондары бар. Ал Қазақстанда 1700 локомотив, электровоз және тепловоз, 291 автоматтандырылған кешен, 2752 жолаушы вагоны, 28000 жүк салғыш, 54900 жүк тасымалдайтын және 75500 вагон бар.
Бұл оқу бағдарламасының тағы бір ерекшелігі - болашақта өте қажет болатын, қазіргі кезде әлі көп таралмаған бірнеше жаңа мамандықтарды оқытуға негізделген. Мысалы, аддитивті техникалық қызмет көрсету инженері — бұл маман аддитивті технологияларды (мысалы, 3D-принтерлерді) қолданып, техникалық жабдықтарды жөндейді және күтіп ұстаумен айналысады.
Предиктивті техникалық қызмет көрсету технологиясы маманы — бұл маман техниканың бұзылуын алдын ала анықтап, уақытылы жөндеу жұмыстарын ұйымдастырады. Яғни, мәселе пайда болғанша алдын ала болжау арқылы жұмыс істейді.
Цифрлық егіздер операторы — техниканың сандық көшірмелерін (цифрлық егіздерін) жасап, оларды бақылап, зерттеп, тиімді пайдаланады.
Қайта өңдеу инженері (сандық 3D кері жобалау маманы) — бар нысанды сандық түрде қайта жасап шығара алатын маман. Мысалы, егер вагонның қандай да бір бөлшегі бұзылса, оның нақты өлшемдерін сандық түрде қайталап жасап бере алады.
Немесе виртуалды 3D прототиптеу инженері — техниканың жаңа үлгілерін компьютерде 3D форматта жасап, сынап көретін маман.
Жалпы, бұл бағдарлама қазіргі заманғы технологияларға сай, сандық және аддитивті технологиялармен жұмыс істейтін заманауи мамандарды даярлауға арналған. Олардың білімі техника саласында инновациялық және халықаралық талаптарға сай болады.
– Жергілікті машина жасау кәсіпорындарымен байланыс бар ма?
– Иә, облыстағы бірқатар жетекші кәсіпорынмен тығыз байланыста жұмыс істейді. Атап айтқанда, «ПетроМашЗавод», «Партнер-Авто», «ЗИКСТО», «Truck Service Kazakhstan», «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» сынды кәсіпорындарда кафедра бөлімшелері ашылған. Студенттер мен оқытушылар зауытта зертханалық сабақтарға қатысады, экскурсиялар өтеді, дипломдық жобалар нақты өндірістік мәселелерге бағытталады. Кәсіпорын мамандары университетке дәрістер оқуға келіп, оқу бағдарламаларын жетілдіруге ат салысады. Осы ынтымақтастықтың нәтижесінде студенттер теорияны өндірісте қолдана білуге дағдыланады. Ал оқытушыларымыз оқу бағдарламаларын сол кәсіпорындардың сұраныстарына бейімдейді. Бұл – нағыз әлеуметтік серіктестік үлгісі.
Жақында Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром», «КІА Qazaqstan» зауыттарымен келіссөздер жүргіздік. Болашақта студенттеріміз үшін өндірістік тәжірибе мен оқытушыларымыз үшін тағылымдамалар ұйымдастырылады. Бұл – білім мен өндіріс арасындағы алшақтықты жоюдың нақты жолы.
– Жас мамандарға еңбек нарығында сұраныс бар ма?
- Студенттер негізінен машина жасау зауыттарында, автосервис орталықтарында, көлік логистикасы мен жөндеу ұйымдарында, техникалық қадағалау және стандарттау салаларында қызмет атқарады.
Тағы бір артықшылық – студенттер жоғары біліммен қатар жұмысшы біліктілігін де алады. Мысалы, темір ұстасы, металл жонушы, электрик сияқты жұмысшы мамандықтарын да меңгеріп, сертификат алады. Бұл – олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Жалпы, негізгі мақсатымыз – еліміздің өнеркәсіптік және көлік саласына бәсекеге қабілетті инженерлер даярлау.
Бұған дейін 2028 жылға қарай Қазақстанда машина жасау көлемі 4,5 есеге артатынын жазған едік.