11:30, 01 Тамыз 2023 | GMT +5
Машина жасауды дамытудың 5 жылдық кешенді жоспары әзірленіп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде Машина жасауды дамытудың 5 жылдық кешенді жоспары әзірленіп жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Машина жасауды дамытудың 5 жылдық кешенді жоспары әзірленуде. Оны іске асыру машина жасау саласындағы өндірісті 2 еседен астам арттыруға, экспорт көлемін шамамен 3 есе, негізгі капиталға салынатын инвестицияларды 1,5 есе, еңбек өнімділігін 2 есе арттыруға мүмкіндік береді», - деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы мемлекеттік қолдаудың арқасында отандық кәсіпорындар тұрақты жұмыс орындарын құру, сондай-ақ, жаңа өндірістер ашу және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту арқылы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қоса алатындығын баса айтты.
«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Машина жасауды дамыту жөніндегі жоспарларды орындау бағытында жұмысты күшейтуі қажет», - деді Әлихан Смайылов.Осыған дейін биыл елімізде 5 мың трактор мен 900 комбайн құрастырылатыны хабарланды.