Масылдық пен әлеуметтік алаяқтық: Сарапшылар әлеуметтік саясаттағы басты сын-тегеуріндер жайында
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік төлемдердің өлшерін біріздендіру, Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығын құру, зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту, зейнетақы төлемдерінің ұзақ уақыт бойы теңгерімді және лайықты деңгейде болуын қамтамасыз ету шараларын ойластыруы керектігін айтқан еді.
Президенттің атап өтуінше, мемлекеттің көз алдындағыдан басқаны көрмей, бәріне көне беретін әлеуметтік саясаты жүзден астам түрлі жеңілдіктің пайда болуына әкеп соқтырды.
Осы жеңілдіктерді әперемін деп «көмек қолын» созатын жылпостар да көбейді. Ал әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту — елді дамытуға, яғни мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын және басқа да нысандар салуға жұмсалуы қажет қыруар қаражатты желге шашып отыр.
Осыған орай агенттік тілшісі Мемлекет басшысы жария еткен бастамаларға қатысты әлеуметтанушылар мен экономистердің пікірін білген еді.
Отбасын қолдау: табыстың ресми өлшемшартқа қарама-қайшылығы
- Президенттің әлеуметтік салаға көңіл аударып, төлемдер жүйесін талдауы дұрыс болды. Бүгінде бұл жүйе біртүрлі құрылған: көпбалалы отбасыларға көмек табысына қарамастан тағайындалады, ал екі-үш баласы бар толық емес немесе табысы аз отбасылар жиі қолдаусыз қалады. Нәтижесінде бюджеттің негізгі бөлігі шамамен 600 мың көпбалалы отбасыға жұмсалады. Ал атаулы көмек алатындар 45 мың отбасыға жуық, яғни шамамен - 240 мың адам. Сол себепті басты өлшемшарт тек балалар саны емес, табыс деңгейі де болуы тиіс, - деп атап өтеді «Сандж» зерттеу орталығының директоры Жанар Жандосова.
Оның пайымынша, төлемдер жүйесі тиімді емес және жемқорлыққа осал болып келеді. Делдалдар пайда болып, жеңілдіктер заңсыз рәсімделеді. Ал нақты көмек шын мұқтаж адамдарға жетпей жатады. Қателіктер бар. Мәселен, жағдайы жақсы адамға төлем беріліп, ал мұқтаждарға көмек көрсетілмейді.
Атаулы көмек және демографиялық саясат
- Президент Жолдауында бірқатар өткір әлеуметтік мәселеге назар аударғаны қуантады. Айталық, Мемлекет басшысы іс жүзінде өз маңыздылығын жоғалтқан, бірақ әлі де селсоқтық салдарынан тағайындалып келе жатқан кейбір әлеуметтік төлемдерді атады. Сонымен қатар, өкінішке қарай, кей адамдар осындай төлемдерге бейімделіп алған. Бұл масылдық қаупін тудырады. Сондықтан сараланған тәсілді енгізу аса маңызды. Әлеуметтік көмек тек тұрақты төлемдермен шектелмеуі керек. Ол осал топтарды қиын жағдайдан шығаруға бағытталуы тиіс: жұмысқа орналасуға көмек көрсету, заңдық қолдау ұсыну, қосымша білім алу мүмкіндігімен қамтамасыз ету. Басқаша айтқанда, «балық емес, қармақ беру» керек, - деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының PhD докторы Айжан Шәбденова.
Айжан Шәбденованың пайымынша, ерекше назарды жалғызбасты аналарға аударған жөн.
Оның айтуынша, мұндай отбасылар әртүрлі болады. Олардың арасында жағдайы барлар да, шын мәнінде көмекке мұқтаждар да кездеседі. Мұның аражігін ажырата білген жөн. Сондықтан көмек нақты мұқтаждыққа негізделіп, нысаналы түрде берілуі тиіс. Яғни, барлығына бірдей тағайындауға болмайды.
- Президенттің ерекше атап өткен маңызды тұсы елімізде демографиялық процестерді жүйелі талдау мен болжаудың жетіспеушілігі екендігі болды. Дәл осы факторлар әлеуметтік саясат пен бюджет басымдықтарын анықтауы тиіс. Осы тұрғыда Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығын құру туралы ұсыныс уақытылы және аса қажет шара саналады, - деп толықтырды Айжан Шәбденова.
Экономикалық контекст
Экономика ғылымдарының кандидаты Марат Каирленовтың айтуынша, әлеуметтік шығыстарға қатысты жағдай әртүрлі.
- Бір жағынан шынымен де олар мемлекеттік бюджеттің айтарлықтай бөлігін құрайды. Екінші жағынан бұл толық көрініс емес екенін түсіну маңызды. Мысалы, ЭЫДҰ елдерінде шоғырландырылған бюджетке квазимемлекеттік сектор компанияларының бюджеттері де қосылады. Ал бізде тек республикалық және жергілікті бюджеттер есепке алынады. Ал «Самұрық-Қазына» және басқа да холдингтер сияқты ірі квазимемлекеттік субъектілер есепке кірмейді. Алайда олардың активтері ЖІӨ-нің шамамен 50 пайызын, яғни шамамен 70 триллион теңгені құрайды. Бұл Ұлттық қорды есепке алмағанда — тағы шамамен ЖІӨ-нің 22 пайызы. Егер осы құрылымдарды есепке алсақ, онда әлеуметтік шығыстардың үлесі әлдеқайда аз болып көрінер еді. Қазіргі таңда Қазақстандағы әлеуметтік шығыстар ЖІӨ-нің шамамен 10 пайызын құрайды, ал ЕЫДҰ елдерінде орташа есеппен – 20 пайыз. Демек, ақшаға шаққанда бұл шамамен 26–27 миллиард доллар. Оны азаматтарымыз ала алмай отыр деген сөз. Сонымен бірге, ЖІӨ-дегі еңбекақы үлесі елімізде шамамен - 30, ал мәселен Ресейде 44 пайызды құрайды. Бұл азаматтардың әл-ауқатын арттыруға жұмсалуы мүмкін ондаған миллиард доллар қаржы. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев еңбекақы үлесі ЖІӨ-нің кемінде 50 пайызы болуы тиіс екенін атап өткен болатын, - дейді экономика ғылымдарының кандидаты, «Ұлағат Консалтинг Групп» директоры Марат Каирленов.
Оның пайымынша, әлеуметтік қолдау жүйесінде де теңгерімсіздік мәселесі бар. Кейде адамдар артық жеңілдіктер алу немесе тұрғын үй кезегінде алға жылжу мақсатында саналы түрде ажырасып жатады. Сондықтан өте сақтықпен қарау керек.
- Адам капиталы — негізгі ресурс. Бұл тек білім ғана емес. Оқуды тегін жасауға да болады. Бірақ егер бала дұрыс тамақтанбаса және қажетті киім-кешегі болмаса, ол бұл мүмкіндікті пайдалана алмайды. Нәтижесінде төмен білім деңгейі және соның салдарынан төмен табыс пайда болады. Бұл адамды қоғамдағы масылға айналдыруы мүмкін, - деп түсіндіреді сарапшы.
Сонымен қатар ол қаржылық сауаттылық мәселесіне де тоқталды. Оны халықтың несиелік жүктемесінің факторы деп те атайды.
- Иә, мұндай қыры бар, бірақ ол басты емес. Қаржылық сауаттылық — кең түсінік: отбасылық бюджетті жоспарлаудан бастап сауатты инвестиция салуға дейін. Азаматтарымыз қаржылық сауатсыз деп айту дұрыс болмас еді. Жарты ғасырдан бері халық несиелерді белсенді түрде пайдаланып келеді. 2000 жылдардың басынан бері миллиондаған адам несие алды. Бүгінде экономикалық тұрғыда белсенді халықтың көпшілігінде несие міндеттемесі бар. Бұл ретте проблемалық несиелердің үлесі шамамен 3 пайыз ғана. Бұл жоғары пайыздық мөлшерлеме жағдайында салыстырмалы түрде қалыпты деңгей. Демек, банк пен несие алушылардың тәуекелдерді орынды бағалайтынын көрсетеді, - дейді экономист.
Осыған дейін көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы қайта қаралатыны туралы жаздық.