Маск Трамп әкімшілігінен кетті

АСТАНА. KAZINFORM – Миллиардер, АҚШ үкіметінің тиімділігі департаментінің (DOGE) басшысы Илон Маск АҚШ әкімшілігіндегі қызмет мерзімі аяқталып жатқанын хабарлады, деп жазды BBC.

Маск
Фото: Shutterstock/FOTODOM

Илон Маск президент Дональд Трампқа алғысын білдірді.

— Менің арнайы мемлекеттік қызметкер ретіндегі мерзімім аяқталып жатқанда, мен президент Дональд Трампқа маған ысырапшыл шығындарды азайтуға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтқым келеді, — деп жазды ол өзінің X әлеуметтік желідегі аккаунтында.

«DOGE миссиясы уақыт өте келе күшейе түседі, өйткені ол барлық мемлекеттік органдардың өмір салтына айналады», — деп қосты ол.

Маск бірде CBS—ге берген сұқбатында Трамптың «үлкен, әдемі» салық және бюджеттік заң жобасынан көңілі қалғанын айтты. Оның айтуынша, бұл заң Масктың шығындарды қысқарту әрекеттеріне нұқсан келтіреді әрі бюджет тапшылығының артуына әкеледі.

Трамп қызметіне кіріскеннен кейін Маск «арнайы мемлекеттік қызметкер» болып тағайындалды, бұл оған үкіметте жылына 130 күн жұмыс істеуге мүмкіндік берді. 20 қаңтардағы ұлықтау рәсімінен бастап есептесек, мамырдың аяғында 130 күн бітеді. Reuters ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, Масктың кетуін жарияламас бұрын Трамппен ресми сөйлеспегенін хабарлады. Сонымен бірге, олардың ақпараты бойынша, шешім «жоғары деңгейде» қабылданған.

Сәуір айында Маск өз компанияларында көбірек жұмыс істеуді және аптасына бір немесе екі күнді DOGE-ге арнауды жоспарлағанын айтты.

Соңғы жаңалықтар