Маск Трампты қолдау комитетіне кемінде 75 млн доллар бөлді
АСТАНА. KAZINFORM — Илон Маск шілдеден қыркүйекке дейін Республикалық партиядан президенттікке кандидат Дональд Трампты қолдайтын өзі құрған саяси комитетке кемінде 75 млн доллар бөлді. Бұған АҚШ Федералдық сайлау комиссиясы жариялаған мәліметтер дәлел, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.
Қаражат 3 шілде мен 5 қыркүйек аралығында бірнеше траншпен аударылды. Маск осы уақыт ішінде комитет жұмысын қаржыландырған жалғыз адам болды.
Қыркүйек айында The Washington Post газеті атап өткендей, комитет Трампты жақтайтын науқанды АҚШ-тың демократтар мен республикашылдардың айқын артықшылығы жоқ бөліктерінде күшейтіп жатыр.
Басылымның айтуынша, бұл Маск пен Трамп арасындағы «саяси одақтың нығая түскенін» көрсетті.
Маск бұған дейінгі сайлауда Трампты қолдаған болатын. Егер Республикалық кандидат жеңіске жетсе, Маскты өз әкімшілігіндегі қандай да бір лауазымға тағайындайтынын айтты.
АҚШ-та 5 қарашада өтетін президенттік сайлауда Демократиялық партияның кандидаты вице-президент Камала Харрис болады.
Kazinform үшін арнайы ТАСС серіктес агенттігі ұсынған.
Еске сала кетсек, Маск қараша айында өтетін АҚШ президенттік сайлауында республикашыл кандидат Дональд Трамп жеңіліп қалса, бұл АҚШ үшін соңғы сайлау болуы мүмкін деген пікірін білдірген.
Сондай-ақ, X әлеуметтік желісінің иесі сайлауалды жиынға жиналғандарды 5 қарашада өтетін сайлауда Трампты қолдауға шақырды.