«Маска таққан адам» СҚО-да отбасынан айырылған жасөспірімге баспана сыйлады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысының 16 жасар тұрғыны Станислав Денисенко баспаналы болды.

«Маска таққан адам» он шақты күн бұрын әкесінен және төрт бауырынан айырылған жасөспіріммен кездесті.
Станислав Петропавлдағы колледждердің бірінде оқып, жатақханада тұрады.
— Үйіміз өртенгенде мен Петропавлда, жатақханада болдым. Өрттің неден шыққаны әзірге белгісіз, бірақ электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Әрі үйде көмірқышқыл газы болған. Әкем 40 жаста, әпкем — 18-де, қарындасым 13-те, інім 10-да және ең кішкентайымыз 7-де ғана болды. Жеті жыл бұрын анам қайтыс болды. Менің көзім нашар көреді, -4. Бауырларымды қалаға әкетіп, оқыту арманым болатын. Бұл арманымнан айырылдым, әрі қарай не істейтінімді білмеймін, — деді жасөспірім «маска таққан адаммен» әңгіме барысында.
Бір күнде бүкіл отбасынан айырылған бала қазір жалғыздықтың күйін кешіп жүргенін айтты.
— Сенің басыңнан өткерген қиындықты ешкімнің басына бермесін, сен жалғыз емессің, мұның бәрінен біз бірге өтеміз. Бұдан былай саған оқуымды қалай төлеймін деп уайымдаудың керегі жоқ, сондай-ақ көзіңді емдеуге де көмектесеміз. Енді өзіңнің баспанаң да болады, — деді «маска таққан адам».
Естеріңізге салайық, СҚО Шал ақын ауданы Ступинка елді мекенінде үй өртеніп, бес адам мерт болған еді.
СҚО әкімдігі өкілдері өртте қаза тапқан отбасыны жерлеу рәсімін өткізуге көмек көрсетілетінін айтты.