Мәскеуде 2026 жылы мигранттар үшін патент қымбаттайды

АСТАНА. KAZINFORM — Мәскеуде мигранттар үшін патент 2026 жылы 8 900 рубльден 10 000 рубльге дейін көтеріледі, деп хабарлайды Report.az.

Мәскеуде 2026 жылы мигранттар үшін патент қымбаттайды
Фото: report.az

Report агенттігінің ТАСС-қа сілтеме жасап хабарлауынша, тиісті шешімді Мәскеу қалалық думасының депутаттары кезектен тыс жалпы отырыста қабылдаған.

— 2025 жылы Мәскеудегі еңбек нарығының аймақтық ерекшеліктерін көрсететін коэффициент 2,8592 құрады, ал патент құны 8 900 рубль болып белгіленді. Мигрант жұмысшылар үшін дәстүрлі түрде сұранысқа ие салалардағы орташа жалақының өсуін ескере отырып, бұл аймақтық коэффициентті 2026 жылы 2,9323 етіп белгілеу, осылайша патент құнын айына 10 000 рубльге дейін арттыру ұсынылады, - делінген Мәскеудің кейбір салық заңдарына түзетулер енгізу туралы бекітілген заң жобасына түсіндірме жазбада.

Құжат Ресей астанасының салық заңнамасын жетілдіруге және оны федералдық заңнамаға сәйкестендіруге бағытталғаны атап өтілді.

Еске сала кетейік, Ресейде мигранттарға зейнетақы төлеуді тоқтату ұсынылды. 

Соңғы жаңалықтар