Мәскеуде Әлихан Бөкейханға бюст орнатылды

МӘСКЕУ. KAZINFORM – Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі (ХШЖК) қазақстандық павильонда қазақ халқының көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның 160 жылдығына орай оның бюсті орнатылды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Әлихан Бөкейхановтың бюсті
Фото: Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі

– Әлихан Бөкейхан Ресей империясы Мемлекеттік Думасының жұмысына қатыса отырып, қазақ пен басқа да байырғы халықтардың мүдделерін қорғады. Ол көпұлтты бірлік пен прогреске сенді және оның мұрасы бүгінгі күнде елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестік қағидаттарында көрініс тауып отыр, – деп атап өтіп Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев.

Мәскеуде Әлихан Бөкейхановқа бюст орнатылды
Фото: Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі

Елші бюстті орнатудың бастамашысы қазақстандық кәсіпкер Жанболат Надыровқа және барлық осы игі іске үлес қосқандарға алғысын білдірді. Ол бұл оқиғаны халықтарымыздың ортақ тарихына қосқан үлесіне құрмет деп атады.

– Әлихан Бөкейхан ұрпақ үшін өмірі мен қызметі үлгі бола алатын халқымыздың көрнекті өкілі, мұндай адамдарға ескерткіштер орнату қажет деп санаймын. Енді Мәскеуге келуші қазақстандық қонақтар ХШЖК-ға барып, атақты жерлесімізге өз құрметтерін білдіре алады, – деп атап өтті Жанболат Надыров.

Жанболат Надыров
Фото: Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі

Өз кезегінде ХШЖК қазақстандық павильонының басшысы Тамара Бабакова кәсіпкердің сөздерін қолдап, павильонға келушілердің көп екенін атап өтті.

– Әлихан Бөкейханның бюсті өткен, қазіргі және болашақ кезең арасындағы байланыстың символына айналады, – деді ол.

Іс-шараның қадірлі қонағы, Әлихан Бөкейханның немере інісі, профессор Нұрым Бөкейханов атақты туысының өмірі үзілмегенде, оның қазақ халқы үшін берері көп болғанын өкінішпен атап өтті. 

– Оның бастамасымен Абайдың барлық өлеңі жинақталды. Ол тұңғыш абайтанушы болды, көрнекті ақын мен философтың мұрасын халыққа жеткізді, – деді Нұрым Бөкейханов.

Айта кетейік, 1920-1930 жылдары Әлихан Бөкейхан Мәскеуде тұрып, ғылыми және әдеби қызметпен айналысқан. 1937 жылы ол қуғын-сүргінге ұшырап, атылды, 1989 жылы қылмыс құрамының жоқ болуына байланысты ақталды. Әлихан Бөкейхан Мәскеудегі Дон қорымында ортақ қабірде жерленген.

Бұған дейін Әлихан Бөкейханның 160 жылдығын атап өту шаралары аясында оның мұрасы қалай зерттеліп жатқанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар
Референдум