Мәскеуде «Қазақстан–Ресей достығы сквері» ашылады

АСТАНА. KAZINFORM — Мәскеуде «Қазақстан–Ресей достығы сквері» ашылады. Бұл жайында «Российская газета» басылымында жарық көрген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мәңгілік достық — халықтарымызға жол сілтер темірқазық» деген тақырыппен берілген авторлық мақаласында айтылған.

Мәскеуде «Қазақстан–Ресей достығы сквері» ашылады
Фото: Pexels

— Халықтарымызды жанды жіптей байланыстыратын көпқырлы гуманитарлық байланыстар да ерекше назар аударуға лайықты. Биыл Астанада «Қазақстан мен Ресейдің мәңгі достық аллеясының» салтанатты түрде ашылуы екі ел арасындағы мығым әрі достық байланыстың нышанына айналды. Ал жақын уақытта Мәскеуде «Қазақстан–Ресей достығы сквері» ашылмақ, — деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, музейлер, кітапханалар, театрлар, көркем галереялар мен кинематографистер арасындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Жастар, ғылым және спорт бағыттарында бірқатар бірлескен форум мен іс-шаралар өткізу жоспарланған. Ғылым-білім саласындағы өзара іс-қимылға да айрықша мән беріледі. Жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асыру білікті мамандарсыз мүмкін емес. Өйткені білім жасанды интеллект пен жаппай цифрландыру дәуірінде болашақтың интеллектуалды іргетасын қалыптастырады.

— Қазақстанда Ресейдің тоғыз жетекші жоғары оқу орнының филиалы табысты жұмыс істеп тұр. Соңғы жылдары білім саласындағы серіктестік жаңа деңгейге көтерілді: Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы ашылды, ал Омбы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы жұмысын бастады. Бұл — Ресей аумағындағы шетелдік жоғары оқу орнының алғашқы өкілдігі. Бұл тек кадр даярлау мен академиялық байланысты нығайту ғана емес — бұл нақты сенімге және шынайы стратегиялық жақындасуға негізделген берік көпір. Бұған қоса, Алматы қаласында Ресейдің әйгілі «Сириус» мектебінің филиалын салу туралы маңызды шешім қабылданды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11-12 қарашада Ресей Федерациясына мемлекеттік сапармен барады. 

Соңғы жаңалықтар