Мәскеуде Кеден одағы мүше мемлекеттері бас прокурорларының Үйлестіру кеңесін құру туралы уағдаласты

Ресей Федерациясының Бас прокуроры Юрий Чайканың төрағалығымен өткізілген отырыс жұмысына Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан мен Украинаның бас прокурорлары мен бас прокурорлардың орынбасарлары қатысты. Қазақстандық делегацияны ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми бастап барды.
Отырыс барысында лаңкестік пен экстремизмге, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес, адам саудасы мен заңсыз көші-қонға тосқауыл қою мәселелері талқыланды.
Мәскеулік отырыс аясында Ресей, Қазақстан мен Беларусь бас прокурорларының үштарапты кездесулері өткізілді. Кеден одағы шеңберінде сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыру кезінде туындап қалатын қауіптер мен қатерлерге байланысты бірлескен шараларды үйлестіру мақсатында Кеден одағы мүше мемлекеттері бас прокурорларының Үйлестіру кеңесін құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Аталмыш органды құру жөнінде жұмыс тобы құрылды.