Мәскеуде көлік министрлері Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шарт жобасын талқылады
Негізгі талқыланған мәселе Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шарт жобасының «Көлік» бөлімі болды, негізінен Тараптардың ортақ ұстанымы қалыптасқан бағыттар сөзге тиек етілді. «Сонымен, әзірге біз халықаралық автомобильдер тасымалын ырықтандыру бағыттары мен мерзімдерін көрсету бойынша ұстанымдарды келіскен жоқпыз. Тараптар үшін сезімтал мәселе енді талқылана басталды. Таяу уақытта көліктің осы түрін одан әрі дамыту бойынша ортақ шешімге келеміз деп ойлаймын», - деп атап өтті Д. Ахметов.
Ресей ғылым академиясы Халық шаруашылығын болжау институтының басшысы Виктор Ивантердің сөйлеген сөзі қатысушылардың ерекше қызығушылығын оятты. Ол өз институтында әзірленген «2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Бірыңғай экономикалық кеңістіктің көлік саясаты: іс-қимыл уақыты» атты ғылыми-зерттеу жұмысы жайлы әңгімеледі.
Даниал Ахметовтің айтуынша, бұз зерттеудің нәтижелері Еуразиялық экономикалық комиссияның үйлестірілген (келісілген) көлік саясаты жайлы негізгі болашақ бағдарламалық құжаты болмақ.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің тауарларды, көрсетілетін қызметтерді, капитал мен жұмыс күшін еркін орналастыруға әсер ететін алымдар мен шектеулерді келісілген мерзімде кезең-кезеңмен жою туралы шешімін орындай отырып, жиын қатысушылары Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттер арасындағы тасымалға кедергі болатын көлік саласындағы тосқауылдарды жою шараларының жоспарын қарады. Министрлер аталмыш жоспардың орындалу барысына тұрақты мониторинг жүргізу қажеттілігін атап өтті.
Сондай-ақ жиында тарифтік саясатты қоса алғанда, Темір жол көлігі қызметтеріне қолжетімділікті реттеу туралы келісімді және Кеден одағының сыртқы шекарасындағы көліктік бақылауды жүзеге асыру туралы келісімді іске асыру мәселелері талқыланды.
Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе: «Бірыңғай Еуразиялық аспан» қалыптастыру жөніндегі жол картасының жобасы болды. Қатысушылар бұл жобаны құру үшін негізгі тәсілдерді зерттеп, қалыптастыру тетіктері мен кезеңдерін пысықтап нақты ғылыми зерттеу жүргізу қажет деген пікірге келді. Жол картасының шаралары мен оның нәтижелері сапалы бағдарламалық құжат әзірлеуге мүмкіндік береді.
Мәжіліс қорытындысы бойынша тиісті хаттамалық шешімге қол қойылды.
«Армения Республикасы, Қырғыз Республикасы Кеден одағына, Бірыңғай экономикалық кеңістікке кіру жөнінде стратегиялық шешім қабылдады. Сондықтан да отырыстың форматын кеңейту өте орынды әрі дер кезінде өтті деп санаймын», - деп атап өтті Д. Ахметов, мәжілісті жаба отырып.
Келесі отырыс 2015 жылғы мамыр-маусымға белгіленді.