Мәскеуде ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай зияткерлік байқау өтті

РФ-дағы ҚР Елшілігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, «Жыл студенті» байқауы «Синергия» Мәскеу қаржы-өнеркәсіптік университетінің базасында өткізілді.
Аталмыш шара дипломатиялық елшіліктің қолдауымен «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығы мәскеулік өкілдерінің ұйымдастыруымен өтті.
Оған Мәскеудегі түрлі университеттерде білім алатын қазақстандық студенттер қатысты.
Байқаудың ақтық мәресінде қатысушылар 2030 жылы болашақ Қазақстан туралы идеяларын айтып, ішкі және сыртқы саясат, елдің болашақтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде өз пікірлерін білдірді.
4 кезеңнің қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен «Саясаттану» мамандығы бойынша Ресей халықтар достастығы университетінің магистранты Құлжан Мұхтар «Жыл студенті» байқауының жеңімпазы атанды. Байқаудың жеңімпазына диплом мен ескерткіш сыйлықтар табыс етілді, ал финалистер мен қатысушылар РФ-дағы ҚР Елшілігінің атынан алғысхаттармен және сыйлықтармен марапатталды.