Мәскеуде Қызыл алаңда 1945 жылы Жеңіс шеруінде, Ұлы Жеңістің 45 және 50 жылдығында сап түзеп өттім - Александр Велижанцев

КӨКШЕТАУ. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Биыл 90 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған «ҚазАқпарат» ҰК» АК-ның жаңа бірегей жобасы аясында, Ұлы Жеңістің 65 жылдығы құрметіне орай. «Ұлы Отан соғысының қазақстандық ардагерлері өміріндегі 65 тарихи сәт» айдары ашылды. Бүгін бұл айдарда Ұлы Отан соғысының ардагері, Даңқ орденінің толық иегері Александр Велижанцев туралы әңгімелейміз.
None
None

Шортандылықтар Ресейде туып, Еуропаны неміс-фашист басқыншылығынан азат етіп, Қазақстанда тың игеруге қатысқан Александр Федоровичті өз тумасындай көріп, сый-құрметке бөлеп келеді. Ол үнемі ауылдың, ауданның, қала берді облыстық деңгейдегі салиқалы басқосулардың бел ортасында болып, ерлікке толы жастық шағын әңгімелеп отырады. А. Велижанцев қазіргі қиыншылық сәттерде де жастар ортасынан табылып, отансүйгіштік, қазақстандық патриотизм тақырыбында тәлім-тәрбие жұмыстарының ұйытқысы ретінде кеңінен танымал ардагерлердің бірі. Оның омырауындағы Бірінші, Екінші, Үшінші дәрежелі Даңқ ордендері сол сұрапыл соғыс жылдарының хабаршысы, белгісі.

Қазақ жерімен шекаралас Қорған облысына қарасты Шадрин ауданының Мельников ауылының тумасы жастайынан еңбекке ерте араласты, ауылдастарының құрметіне бөленіп, замандастарының алды болды. Бұл асыл қасиеттері оның өмір бойғы серігі десе де болғандай. Калинин колхозының есепшісіне ауылдың жүзге тарта азаматтарымен бірге 1943-інші жылы елінің азаттығы жолында қан майданға аттануына тура келді. Күздің қара суығында сарбаз киіміндегі сарабдал Александр Федорович әуелгі кәсібі механизатор болғандықтан салған беттен өздігімен жүретін САУ-85 соғыс қаруын тез меңгеріп, қан майданға араласып кеткен. Ол үшін азаттық жолындағы арпалыстың әр күні естен кетпес тарих болғанымен Каменецк-Подольск түбіндегі қырғын шайқастың орны бөлек еді. Алдыңғы шептің бастаушысы, жау қорғанысы мен шабуылын тойтарушы негізгі құрамда болғандықтан 23-ке жаңа толған жігіт қаланы азат ету кезінде қайраттанып, ысылып, шыныққан жауынгер ретінде қалыптасқан. Қаланың қолдан қолға өтуі, түн мезгілінде қаруластарының қас-қағым сәтте ажал құшағында кетіп жатқанын көзімен көріп, көкірегіне тоқыды. Әр шаршы метр үшін қаншама замандасы құрбан болды. Бірақ босаңсуға уақыт көтермейтіндігін санасына тоқып алған жауынгерлер ертеңге үмітпен қарап, жау құрсауындағы отандастарын азат етті. Апта бойы арпалысып, Каменецк-Подольскі тұрғындарының бақыт таңын қарсы алуына еңбектерін сіңірді. Сондай күндердің бірінде ерлігі, қайсарлығы, табандылығына орай Үшінші дәрежелі Даңқ ордені омырауына сол сұрапыл соғыс даласында қадалды. Тағы да шабуыл... екі жақтың өз мақсатына жету жолында алыспай беріспесі анық болатын. Дегенмен де әділеттілік жүгі ауыр емес пе. Кеңес жауынгерлері өз елінің азаттығы, халықтарының бодандықта емес, бостандықта өмір кешуге құқылы екендіктерін әсте ұмытар емес. Жеңіске деген сенім, жігер оларды ынтымақты, ұйымшыл қадамға бастап отырғаны да сөзсіз. Аздаған жарақатымен даладағы госпитальда денсаулығын түзеп, қайтадан қаруын асынып, сыр бермес темір сауытты жабдығымен алдыңғы шепке аттанады. Бір күні екіншісіне ұқсамайды. Өйткені жау әскері шегініп, тозақта болған халықтар өздерін қуанышпен алып, көз жастарымен беттерін жуып тастайтын. Шынында да ыстық көз жасы олардың бойына қуат, жігеріне жігер қосып, тың күш бергендей әсерде қалдырады. Ал осындай сезімді Львов-Сандомир әскери іс-шара барысында айқын сезінгенін кейінгі жылдарда ғана әңгіме арқауына айналдырып жүр. Сұрапыл майданда басымдық тек бірлік пен ержүректік арқасында келетінін соғыс жылдары әбден сезініп, біліп алған. Бұл жолы да қаланың әр көшесі, әр көпқабатты үй, жатаған үйлердің қай-қайсысы болмасын алынбас қамалдай бекініс еді. Неміс-фашистері тыныстарының тарылып келе жатқанын сезінгендей, арпалыстарын үдете түседі. Ал оның нәтижесі адамның тағдыры, жауынгердің өмірімен есептеліп жатыр. Шаң-тозаң, қар аралас топырақ, айнала қара түтін, жердің миы шығып жатқандай. Кімнің, қайда, қалай оқ атып жатқанын ешкім де түсініп болмайды. Тек мақсат - алға жылжу. Барлық әрекет сонымен өлшенеді, соған бағытталған. Апта бойы арпалысып львовтықтар үшін де бейбіт таңы атып, жаңа тірлік басталды. Тірлік дегенде қала деген аты болмаса, жермен жексен болған үйінді. Әр жерде мұржалар ғана елді мекеннің хабаршысындай көрініс береді. Осы майдан белгісі омыруына Екінші дәрежелі Даңқ орденінің қадалуы болды. Бірақ Александр Велижанцев үшін кеудедегі қарапайым төс бегі есебінде. Оның құдыреті, қадыр-қасиеті мен бағасын кейіннен сезінген. Жылдар өткен сайын оның қошеметі артып, құрметі сезіле бастаған. Оған өзі емес айналасындағы жауынгерлер өзгеше қуанышты, тілектес болғаны қаншалықты мәртебе .

Қан майдандағы әр күннің қасіреті жылға бергісіз болғанын басынан өткерген ғана біліп, сезінеді емес пе. Міне, қорғандық жауынгер де сондай күймен Беларус, Польша, Чехия елдерінің халқына азаттық таңының атуына қолдан келген көмегін көрсетіп, әрекетін жасап бақты. 1945 жылдың сәуір айында Берлин түбіндегі қан жоса шабуылдар, көшелердің алма-кезек қолдан қолға өтуі, әр үй, нысан, пәтер үшін жанталас. Жазық даладағы құлашты кеңге серпір шабуыл жоқ. Берлинге таяқ тастам жердегі теке-тірестің жөні бөлек еді. Ең өкініштісі,жауды ұясына дейін бес жыл бойы тықыртып келген майдандас достарының осы сәтте жантәсілім болуы еді. Аянуға дәрмен жоқ. Әр қателігің, қырағылықтан босаңсуың өзіңе жау. Қаңғалақтаған оқ өзіңді алып кетері ақиқат. Өткен жылдардан, артта қалған күндерден бетер сақтық қажет. Жауыңа дәл тиген оғың өзіңнің қорғаның. Түн мен күн арпаласып, жатқанда апталардың, айлардың қалай өткенін ешкім де есептеп жатқан жоқ. Мақсат сұрапыл соғыстың соңғы оғын атып, бейбіт жалауды желбірету. Сондай күндердің бірінде бұрындары да омырауы орден мен медальдерге толы Велижанцевке тағы да қошемет, құрмет көрсетілді. Ол Даңқ орденінің толық иегері болды.

«Мен соғыстың қалай басталып, қалай аяқталғанын көріп, бірде түңіліп, енді бірде қуанып жүрдім. Бірақ сол 1945-ші жылы Жеңіс шеруіне қатысып, Қызыл алаңда сап түзеген кезім әсте бәрін де жуып-шайып кеткендей. Тіпті сол қуанышты сезімді жеткізудің өзі қиын. Қаншама қаруласың, ауылдасың қан майдан даласында жер жастанып қалды. Бәрі өкінішті. Дегенмен ,пенде емеспіз бе, Қызыл жалауды желбіретіп, Қызыл алаңда сап түзеп өтудің маңызы мен мағынасы ерекше еді ғой. Оны қалай ұмытарсың. Бірақ ең бастысы, ел азамат, жұрт тыныш, бейбіт өмір басталды», деп сол бір қуанышты сәттерін көз алдына елестетеді қарт жауынгер. Дегенмен ол үшін соғыс жылдары әлі аяқталған жоқ еді. Оның мәнісі мынада. Сол жылдың тамыз айында майдандастарымен пойызға отырып «Қиыр шығыс қайдасың»,- деп жүріп кетті. Сөйтіп, Қиыр шығысты Жапон шабуылынан қорғау, ел азаттығы жолында күрес жалғасып кетті. Дегенмен үш жыл майданда шыныққан жауынгерге бұл сапардың еш жаңалығы жоқ еді. Сол шабуыл, сол қорғаныс. Осылардың әрқайсысы өз ретіне қарай алмасып жатады. Ең бастысы, өзіңе, майдандас достарыңа деген сенім мен жігерден айрылмай, мақсатыңа берік болсаң болды. Қалғаны жеңістің үміті.

Александр Федорович үшін соғыс осылайша жалғасып жатты. Бейбіт өмірге келіп, тың көтерді. Қазақ жерінде егін егіп, құрылысқа атсалысты. Әлемге танымал Шортанды ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының өркендеп, өсуіне өзіндік үлес қосты. Еңбегі еш емес. Қарт жауынгер Мамырдың 9-ы - Жеңіс күні көпшіліктің ортасынан табылады. Соның айқын белгісі, Александр Федорович Жеңістің 45 жылдығы мен 50 жылдығын Мәскеуде Қызыл алаңда қарсы алып, салтанатты шеруге қатысты. Осының өзі үлкен құрмет, зор қошемет емес пе.

1995 жылы Елабасының Жарлығымен омырауына «Даңқ» ордені қадалды. Қазір де ардагер тұғырдан таймаған. Мереке күндері, атаулы кезеңдер майдангерсіз өтпейді. Ол - сондай басқосулардың қадірменді қонағы.

Соңғы жаңалықтар