Мәскеуде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған концерт өтті
МӘСКЕУ. KAZINFORM — Мәскеудегі «Геликон-опера» музыкалық театрында ұлы қазақ композиторы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Әлқисса» атты шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды агенттіктің меншікті тілшісі.
Концертті Алматы облысының әкімдігі мен Қазақстан Республикасының Ресейдегі Елшілігі ұйымдастырды.

— Нұрғиса Тілендиев тек композитор ғана емес, сонымен бірге философ болды. Ол әуен мен саз арқылы «Біз кімбіз? Қайдан келдік? Жанымызды не толғандырады?» деген басты сұрақтарға жауап іздеді. Ол қобыз бен домбыраның көне күйлері мен заманауи симфониялық формаларды тоғыстыра білді. Оның шығармалары ғасырлар арасындағы үнқатыс сияқты: мұнда дала әуендері, батырлық сарындар, фольклорлық интонациялар мен қатаң академиялық мектеп үйлесім тапқан. Тілендиевтің музыкасында өнер ғана емес, халықтың жадын, болмысын және рухын сақтаудың жолы жатыр, — деді Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев шараның ашылуында.

Елші, сондай-ақ, ұлы композитордың шығармашылық мұрасын бүгінде оның қызы, дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Дінзухра Тілендиева жалғастырып келе жатқанын атап өтті.
Өз сөзінде Дінзухра Тілендиева Мәскеуде өнер көрсетудің оның әкесі үшін де, өзі үшін де ерекше мәнге ие екенін айтты.
— Мәскеу — әкеме бөтен қала емес. Ол мұнда атақты ұстаз Николай Аносовтан дирижерлік өнерді үйреніп, Үлкен театрда тағылымдамадан өткен. Біз бұл концертке мұқият дайындалдық, репертуарды да ерекше таңдадық. Өзімнің тегімді де мақтан тұтамын, ол маған үлкен жауапкершілік жүктейді, — деді ол.

Кеште Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын «Ақжауын» камералық оркестрі, «Алтынай» мемлекеттік би ансамблі және қазақстандық сахна жұлдыздары орындады.
Олардың қатарында Фархат Кубиев, Рухия Байдүкенова, Сырым Шонбаев, Төлеген Рахымбаев, Секен Тұрысбек, Медет Орынбаев, Мұса Сапаралы, Әділ Ахметжанов, Әсел Ержанова, Бибігүл Қылымхан, Нүркен Аширов, Даяна Тілендиева, Фариза Досбол және IL Canto квартеті болды.
Осыған дейін Қырғызстанда Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған концерт ұйымдастырылғанын жазғанбыз.