Мәскеуде Путин мен Уиткоффтың бес сағатқа созылған кездесуі өтті

МӘСКЕУ. KAZINFORM — Кремльде Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф арасында бес сағатқа созылған кездесу өтті. Келіссөздер Украинадағы жағдайды реттеуге арналды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Мәскеуде Путин мен Уиткофф кездесті
Фото: Kremlin.ru

Ресей тарапынан келіссөздерге президенттің көмекшісі Юрий Ушаков және Ресей тікелей инвестициялар қорының (РТИҚ) басшысы, инвестициялық-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкіл Кирилл Дмитриев қатысты.

АҚШ тарапынан президенттің күйеу баласы, кәсіпкер, инвестор, Affinity Partners компаниясының негізін қалаушы Джаред Кушнер болды.

Мәскеуде Путин мен Уиткоффтың бес сағатқа созылған кездесуі
Фото: Кremlin.ru

Кремльдің сайтында 19:45-те В.Путиннің С.Уиткоффты қабылдағаны туралы ақпарат жарияланды.

Келіссөздер түн ортасынан ауғанда аяқталды, шамамен түнгі 1.00-ден өткенде Телеграм-арналар Уиткоффтың кездесуден кейін Мәскеудегі АҚШ елшілігіне келгенін хабарлаған видеоны таратты.

Келіссөздер аяқталған соң К.Дмитриев оларды нәтижелі деп бағалады.
Ресей президентінің көмекшісі Ю.Ушаков кездесуді пайдалы, конструктивті және мазмұнды өтті деп атап, сондай-ақ Ресей мен АҚШ-тың экономикалық өзара іс-қимыл перспективалары да талқыланғанын жеткізді.

— РФ президенті В.Путин мен Стивен Уиткофф Украина бойынша ұзақ мерзімді бейбіт реттеу перспективаларын талқылады. Ең бастысы — тараптар Украинадағы ұзақ мерзімді бейбіт реттеуге қол жеткізу үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін білдірді, — деді Ушаков кездесуден кейін журналистерге.

Ол сондай-ақ кездесуде В.Путин АҚШ-тың Украина жөніндегі жоспарының кейбір тұстарына Ресей келісе алатынын, ал кейбір мәселелер Мәскеудің сынына себеп болып отырғанын жеткізді. Ушаковтың айтуынша, Украина дағдарысын реттеуге қатысты америкалық бірқатар ұсынысты талқылауға болады. Әзірге келісілген нұсқа жоқ, бірақ АҚШ тарапынан ұсынылған кейбір идеялар «біршама қолайлы» көрінеді және оларды талқылауға болады.

Кездесу басталмай тұрып, ақпарат кеңістігінде С.Уиткофф, К.Дмитриев және Дж.Кушнердің Қызыл алаңда серуендеп жүрген видеосы тарады.

Осылайша С.Уиткофф биылдыққа Мәскеуге алтыншы мәрте келіп отыр. Осы жолғы кездесуде ол Ресей басшысына АҚШ-тың Украина бойынша бейбіт ұсыныстарын таныстырады деп күтілген.

Сол күні Үндістан БАҚ-тарына арналған брифингте Ресей президентінің баспасөз хатшысы Д.Песков бұл кездесудің Украина қақтығысын бейбіт жолмен шешуге маңызды қадам болатынын айтты.

К.Дмитриев X әлеуметтік желісінде бүгін Украина бойынша бейбіт келіссөздер үшін маңызды күн екенін, АҚШ президенті Дональд Трамптың Газадағы бейбіт келісімін дайындаған команда Мәскеуге келіп, Трамптың Украина жөніндегі бейбіт жоспарын ілгерілетуге ниетті екенін жазды.

Бірқатар БАҚ Трамптың үкімет отырысы барысында өзінен «Мәскеудегі Украина келіссөздерінен серпіліс күту керек пе?» деп сұрағанда, ол бұл жөнінде нақты айта алмайтынын, бірақ басты мақсаты — ай сайын мыңдаған адамның өмірін сақтап қалу екенін айтқанын хабарлады.

Еске сала кетсек, Путиннің Уиткоффпен кездесуі 2 желтоқсанға жоспарланған еді.

Ал бұған дейін АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткоффтың Мәскеуге келгенін жаздық. Оны Кремльде президент Путин қабылдады

https://t.me/RIAKremlinpool/18328

Соңғы жаңалықтар