Мәскеуде Ресей қазақтарының кездесуі өтті

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Мәскеуде Халық шаруашығы жетістіктерінің көрмесіндегі (ХШЖК) «Қазақстан» павильоны алаңында «Отандастар қоры» КеАҚ басшылығы Ресей қазақтары мәдени орталықтарының басшыларымен және белсенділерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.
None

Жиынды ашқан «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы кездесудің мақсаты – Камчаткадан Санкт-Петербургке дейінгі Ресейдің түкпір-түкпіріндегі қандастарымызды бір үстел басына біріктіру екенін айтты.

«Біздің кездесуіміздің мақсаты мемлекетіміздің осы саладағы міндеттерімен тығыз байланысты, бұл - Ресейдегі қазақтардың бірлігін нығайту, отандастарымызбен ынтымақтастық, қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін, тілін сақтау, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету, сондай-ақ маңызды мәселелер бойынша пікір алмасу үшін диалог алаңын құру», - деп атап өтті қор басшысы.


Абзал Сапарбекұлы сондай-ақ биыл қор шетелдік қандастардың мемуар, әңгіме, проза, поэзия жанрындағы шығармаларын және ғылыми зерттеулерін қазақ және орыс тілдерінде басып шығаруды көздейтін «Ұлы Дала» жобасын іске асыруға кіріскенін хабарлады.

Ресейдегі қазақ диаспорасы өкілдері де көкейдегі ойларын ортаға салды.


Көбісі тығыз өзара іс-қимылды дамыту перспективаларына, Қазақстанда өткізілетін іс-шаралар туралы уақтылы ақпарат алуға, бірлескен білім беру, танымдық, туристік және өзге де жобаларды іске қосу мүмкіндігіне, сондай-ақ ұлттық бірегейлікті сақтау ісіндегі бірқатар мәселелерді шешуге қатысты болды.


Қатысушылар жастарды қазақтардың ұлттық кодын сақтау жұмысына тарту, жиналған тәжірибе мен білімді жас ұрпаққа беру үшін жағдай жасау қажеттігіне ерекше назар аударды.



Соңғы жаңалықтар