Мәскеулік кәсіпкерлер Қазақстанмен ынтымақтастық мәселесін талқылады

МӘСКЕУ. KAZINFORM – Ресей астансындағы Ахуалдық орталық алаңында өткен «Мәскеу – Қазақстан» іскерлік диалогында Алматы облысының әкімдігі, квазимемлекеттік сектор және кәсіпкерлерден құралған делегация ресейлік әріптестерімен жаңа ынтымақтастық бағыттарын талқылады, деп хабарлайды агенттік тілшісі Қазақстанның Ресейдегі Елшілігіне сілтеме жасап.

кәсіпкерлер
Фото: Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі

Форумның мақсаты – екі ел кәсіпкерлері арасындағы өзара байланысты нығайту және жаңа іскерлік ынтымақтастық бағыттарын айқындау.

Форум барысында сауда-экономикалық байланыстар, өнеркәсіптік кооперация, цифрлық трансформация, шағын және орта бизнесті қолдау, туризмді дамыту және мәдениет саласында алмасу мәселелері қаралды.

Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі
Фото: Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Д.Абаев қатысушыларды еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуымен таныстырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында шетелдік инвестицияларды ұлттық экономиканың негізгі салаларына тартуға ерекше көңіл бөлгенін атап өтті.

«Мәскеу экспорт орталығы» автономды коммерциялық емес ұйым бас директоры В.Степанов Қазақстан Мәскеудің негізгі экспорттық серіктестерінің үштігіне тұрақты түрде кіретінін айтап өтті. Оның айтуынша, барлық салада тұрақты өсім байқалып отыр, бұл кездесудің өзектілігін көрсетеді.

Абаев
Фото: Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі

Мәскеу үкіметінің мүшесі, Мәскеу қаласының сыртқы экономикалық және халықаралық байланыстар департаментінің басшысы С.Череминнің айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы $28 млрд көлеміндегі тауар айналымының үштен бірі ($9 млрд) Мәскеу бизнесіне тиесілі.

2025 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 14,2%-ға артып, $1,9 млрд-қа жетті. Сонымен бірге ол қараша айында Президент Қ.Тоқаевтың Ресейге жоспарланған мемлекеттік сапары аясында Астана мен Алматыда Мәскеу күндері өткізілетінін хабарлады.

Алматы облысы туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы өңірдің туристік әлеуетін таныстырып, белсенді демалыс пен табиғатпен жақын танысуға кең мүмкіндіктер бар екенін жеткізді.

Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі
Фото: Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі

Мәскеу туризм комитеті төрағасының орынбасары Булат Нұрмұханов 2024 жылы Мәскеуге 26 млн турист келгенін, олардың 200 мыңы – қазақстандықтар екенін атап өтті.

– Бұл әлі шектеулі көрсеткіш емес. Біз өзара іскерлік миссиялар мен таныстыру турларын ұйымдастыруға дайынбыз, – деді ол.

Алматы облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Қуаныш Бақытұлы өңірдің табиғи, өндірістік және адами ресурстарына тоқталып, облыстың трансшекаралық логистикадағы стратегиялық рөлін атап өтті. Ол мәскеулік кәсіпкерлерді жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

кәсіпкерлер
Фото: Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі

Облыстың цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ақыл Жандос Қанатұлы өңірде іске асырылып жатқан негізгі цифрландыру жобаларын таныстырды. Оның айтуынша, заманауи технологияларды енгізу аймақтық инфрақұрылымды басқару тиімділігін арттырды. Сондай-ақ «Алматы облысының цифрлық егізі» жобасының сәтті жүзеге асқанын жеткізді.

форум
Фото: Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі

Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті Инна Апенко еліміздің fashion-индустриясын таныстырып, қазақстандық «Global Nomads» брендін ұсынды.

Форум соңында іскерлік байланыстар биржасы өтті. Қазақстандық және ресейлік кәсіпкерлер ынтымақтастықтың келешегін талқылап, Алматы облысы әкімдігі мен ҚР Елшілігі өкілдері ресейлік бизнес өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Айта кетейік, Астанада Қазақстан мен Моңғолияның 100-ге жуық кәсіпкері бас қосты.

Соңғы жаңалықтар