Маскүнемді мәжбүрлеп емдеуге полицейлер өз қалтасынан төлейтіні рас па

маскүнемді емдеу
Фото: "ҚазАқпарат" ХАА

Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха Мәжілісте өткен жиында маскүнемдерді мәжбүрлеп емдеуге полицей қызметкерлері мүдделі екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде маскүнемдерді мәжбүрлеп емдеу мәселесі шешілмеген. Сол сияқты оларды емдеуге жіберу рәсімі өте бюрократияланған. Іс жүзінде оларды емдетуге тек учаскелік инспекторлар мүдделі. Өйткені, жанжал шығарушыларды отбасынан және жақындарынан уақытша оқшаулауға (6 айдан 2 жылға дейін – ред.), сол арқылы қылмыстың алдын алуға мүмкіндік береді. Алайда, наркология мекемелерінің медицина қызметкерлері тиісті шешімдер қабылдауға құлықсыз. Нәтижесінде полицейлер бұл жұмысты көбіне өз қаражаты есебінен жасауға мәжбүр», –деді Игорь Лепеха Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің отырысында.

Вице-министр полиция қызметкерлері қандай процедураларға ақша төлейтінін де айтты.

«Бұл – материалдарды сотқа рәсімдеу, анализ тапсырту, құқық бұзушыны сараптамадан өткізу және оны медицина мекемесіне жеткізу.

Одан бөлек, қазір наркологиялық диспансерлік есепте 62 мың адам тұр. Біздің бастамамыз бойынша соттар мәжбүрлеп емдеу туралы шамамен 5 мың материалды қанағаттандырды. Алайда, бос төсек-орынның болмауына байланысты 72% ғана жатқызылды», – дейді ол.

Соңғы жаңалықтар