Маскүнемдерді мәжбүрлеп емдеу үшін қосымша мекемелер қажет - Қалмұханбет Қасымов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Маскүнемдерді мәжбүрлеп емдеу үшін қосымша мекемелер қажет. Бұл туралы бүгін халықпен есептік кездесу өткізген ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Маскүнемдерді мәжбүрлеп емдеу үшін қосымша мекемелер қажет - Қалмұханбет Қасымов

Министрдің айтуынша, елімізде әрбір 7-ші қылмыс, яғни кісі өлтіру әрекеттерінің жартысына жуығы және отбасылық-тұрмыстық зомбылықтардың 60 пайызы  алкогольдің кесірінен жасалады. Мәселен, өткен жылдың өзінде ғана қоғамдық орындарда мас күйде жүрген 193 мың адам ұсталған.

«Қазіргі уақытта полицияның жіті бақылауында 72 мың маскүнем бар. Оның 10 мыңнан астамы әйелдер және 300-і кәмелетке толмағандар. Бүгінде елімізде Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағында Уақытша бейімдеу және детоксикация  орталығы деп аталатын  615 орынға арналған не бәрі 31 медициналық айықтырғыш жұмыс істейді. Бұл мүлдем жеткіліксіз.  Еліміздегі олардың желісін жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен кеңейтілуі тиіс деп санаймын. Мас күйде ұсталған тұлғаны не істеуіміз керек? Ауруханалар қабылдамайды, полиция оларды өздерінің арнайы мекемелеріне қамауына еш негіз жоқ», - деп атап өтті Қасымов.

Сонымен қатар министр алкоголизмге шалдыққандарды мәжбүрлеп емдейтін наркологиялық  ұйымдар санының да аз екендігін айтты. Бүгінде елімізде 2470 орынға арналған 22 ұйым бар. Тағы 4 қосымша орталық қажет.

 «Өткен жылы сот шешімімен бұл ұйымдарға 5300 адам жіберілді. Алайда орынның жоқтығы салдарынан 1 мыңнан астам адам мәжбүрлеп емдеуден өткен жоқ», - деді Ішкі істер министрі.