Мәслихат депутаттары Астананың жаңа бюджетін бекітті

Сессияға Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин, қалалық мәслихат хатшысы Сансызбай Есілов, елорда аудандарының әкімдері, қалалық басқармалардың басшылары қатысты.
Астана қаласы Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Жанат Нұрпейісовтың хабарлауынша, Астананың 2015 жылғы нақтыланған бюджетінің көлемі 349,861 млрд теңгені құрайды. Жеке табыстар бойынша түскен қаржы 169,194 млрд теңге, республика бюджетінен трансферттер 168,882 млрд теңгені құрайды.
Қосымша қаржы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға жұмсалатын болады. Елорда жолдары мен көшелері қайта жөнделіп, салынады, инженерлік желілер тартылады, аялдама бекеттері қалпына келтіріледі, жедел жәрдем бригадалары үшін жаңа машиналар сатып алынады, қалалық мектептердің жапсаржайларын жобалау және жаңа балабақшалар салу жұмыстары жалғасады.
Астана әкімінің орынбасары А. Лукин атап өткендей, «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында, бюджеттен бөлінген қаржы бірінші кезекте елордада жылу магистральдары мен мектептер салуға жұмсалады. Қала әкімдігі тұрақты түрде бюджет қаржысын игеруді қадағалап отырады, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірлескен жұмыстар жүргізіледі, дебиторлық және кредиторлық қарыздардың өсуіне жол бермеу - тұрақты бақылауда.
Мәслихат сессиясының күн тәртібіне ҰОС Жеңістің 70 жылдығына орай көмек көрсету мәселесі енгізілді. Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Әбуеваның айтуынша, ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне біржолғы қаржылай өтемақы төлеу, бірыңғай киім формасымен қамту, жерлеу орындарына бару жолақысын, сондай-ақ, санаториялық-курорттық ем алу ақысын төлеу мәселелері қарастырылған.
Депутаттар жаңа мектеп пен балабақша салу үшін жер алу келісімшарттары жобасын, білім беру мәселелері, әлеуметтік сала бойынша кейбір қалалық комиссиялардың құрамын өзгертуді, ҮЕҰ бірлесе жұмыс істеуді мақұлдады.