Мәслихат сайлауына қандай партиялар қатысады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына 7 саяси партия қатысатын болды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында белгілі болды.
ОСК мүшелері тиісті қаулылар қабылдап, сайлауға қатысуға рұқсат алған партиялардың тізімін бекітті. Олардың қатарында «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Ауыл» партиясы, «Әділет» партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Байтақ» Қазақстан жасылдар партиясы, Қазақстан Халық партиясы және «Respublica» партиясы бар.
Сонымен бірге, ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров «AMANAT» партиясынан ресми хат түскенін хабарлады. Құжатта партияның мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатыспайтыны айтылған.
Брифинг барысында Нұрлан Әбдіровтен «AMANAT» партиясының сайлауға қатыспау себебі сұралды. Оның айтуынша, әр саяси партия өз бетінше шешім қабылдайды. «AMANAT» партиясы Құрылтай депутаттарының сайлауы кезінде де осындай ұстаным білдірген.
— Партияның «Әділет» партиясына қосылу туралы шешіміне байланысты сайлауға қатыспайтыны жөнінде хат алған едік. Бүгін таңертең де осындай хат келіп түсті. Бұл — партияның өз шешімі, біз оны ескереміз, — деді ОСК төрағасы.
Еске сала кетсек, 29 қарашада Қазақстанда кезектен тыс мәслихат сайлауы өтеді.
Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы кандидаттардың қашан тіркеліп, үгіт-насихат жүргізе алатынын жариялаған еді.