Мәслихатқа — 30 жыл: Жамбылдық депутаттар қаншалықты белсенді болды
ТАРАЗ. KAZINFORM — 1994 жылы 7 наурыз күні елімізде сайлау өтіп, халық мәслихат депутаттарына дауыс берді. Міне, осылайша тәуелсіз Қазақстан елі мәслихаттарының тарихы тура осы күннен басталды.
Еліміз егемендік алғаннан кейін алғаш ұйымдастырылған бұл сайлауда Жамбыл облысының 35 сайлау округінде тіркелген 70 кандидатқа облыстағы сайлаушылардың 75 пайызы қатысып, дауыс берді.
Сайланған депутаттардың арасында 10 адам «Қазақстанның халық бірлігі» Одағының мүшелері, 6 — Қазақстан Социалистік партиясының мүшесі, ал жартысына жуығы өзін-өзі ұсынғандар болды. 1994 жылғы 30 наурызда облыстық мәслихаттың І шақырылымның І сессиясында мәслихат хатшысы болып Щорс Шарафутдинов сайланды. Мәслихаттың 4 тұрақты комиссиясы құрылды.
Ал, 1995 жылғы 30 тамызда жаңа қабылданған ҚР Конституциясын басшылыққа ала отырып, облыстық мәслихат-депутаттары жиналысының атауы облыстық мәслихат болып өзгертілді.
Арада бес жылдан астам уақыт өткенде, 1999 жылдың 24 қазанында тағы да мәслихат сайлауы өтті. Бұл жолы үміткерлердің өте көп екені және сайлаудың өте тартысты өткенін байқауға болады. Өйткені облыстағы 35 сайлау округі бойынша 118 кандидат бақ сынаса, 21 үміткер 1-кезеңнен депутат болып сайланған.
Қалған 14 округте неғұрлым көп дауыс жинаған 2 кандидатты іріктеп, қайта дауыс беру жұмысы жүрді. Тағы бір айтары, мәслихат депутаты болып сайланған 35 депутаттың 30-ы әр түрлі мекемелердің бірінші басшылары болған. 16 адам «Отан» партиясының мүшесі.
Келесі сайлау 2003 жылдың 20 қыркүйегінде өтіп, бұл жолы 167 үміткер бақ сынады. Әр сайлау сайын үміткерлердің саны көбейіп, бәсекелестік жоғарылай бастады. Бұл жолы 20 депутат бірінші кезеңде, қалған 15-і қайта сайлаудан кейін өтті.
Сайланған 35 депутаттың 14 мемлекеттік мекемелердің, ұйымдар мен кәсіпорындардың, 12 коммерциялық құрылымдардың, 8 басқа салалардың қызметкерлері еді.
Ал 2007 жылғы 18 тамызда өткен сайлаудың ерекшелігі — додаға партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің қатысуы болды. Осы әсер етті ме, сайлауға түсуге бел буған үміткерлер саны бірден азайды. 90 үміткер тіркеліп, оның 6-уы бас тартып, саяси додаға 84 үміткер ғана қатысты. Сайлаудың нәтижесінде «Нұр Отан» ХДП 87,3 пайыз дауысын жинады.
Дәл осылай 2012 жылғы 15 қаңтарда өткен саяси додада да партиялар билікке ұмтылып, биліктің партиясы — «Нұр Отан» барлық өңірде көш бастағаны белгілі. Әрине, бұл жолғы сайлауға еліміздегі барлық партиялардың өкілдері қатысты.
Облыстық мәслихаттың депутаттық мандатын иеленуге 94 кандидат тіркеліп, облыстағы 35 округтің 34-інде «Нұр Отан» партиясының өкілдері жеңіске жетсе, бір округте ғана «Ақ жол» республикалық партиясының өкілі мандатқа ие болды.
2016 жылдың 20 наурызында өткен сайлауда үміткерлер саны қайтадан көбейіп, VІ шақырылымның Жамбыл облыстық мәслихат депутаттығына 113 кандидат тіркеліп, 88-і дауысқа түсті. Бұл жолы мәслихат құрамының 57,2 пайызы жаңартылды. Яғни, 17 депутат бірінші рет облыстық мәслихаттың депутаты атанды.
Сайлауға партиялардың қатысу дәстүрі бірте-бірте жандана түсті. 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен сайлауда Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттығына 4 саяси партиялардың тізімдерімен барлығы 76 кандидат тіркелді.
Нәтижесінде 3 саяси партия 7 пайыздық кедергіні еңсерді. Олар: «Нұр Отан» — 81,2%, «Ауыл» Халықтық демократиялық патриоттық партиясы — 8,45%, «Ақ жол» демократиялық партиясы — 8,67%.
Сайлауға қатысқан бір партия жеті пайыздық кедергіні еңсерген жоқ. Ол «Адал» партиясы» — 1,69%.
2023 жылдың 19 наурызында өткен сайлауда облыстық мәслихаттың депутаттығына 6 саяси партия қатысып, партиялық тізімдер бойынша «Аmanat» партиясы 66,03%, «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясы 5,70%, Respublica партиясы 11,22%, Қазақстан халық партиясы 5,67%, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы 5,60%, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы 5,68% дауыс жинады.
Жамбыл облыстық мәслихатының бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайлауға 64 кандидаттар түсіп, олардың 18-і депутат болып сайланды.
Енді осы жылдар ішінде облыстық мәслихаттың белсенділігі қандай болды, қаншалықты ықпалды болды дегенге келсек, қанша жерден билік депутаттарды уысында ұстауға тырысқанымен сессияларда проблемалар көтеріліп, тіпті жергілікті әкімдіктің жұмысына да сын айтылып жатты. Жасыратыны жоқ, депутаттар көбінесе өз сайлау округіндегі проблемаларды көтеріп жатты.
Ал, жалпы Жамбыл облыстық мәслихатында кімдер белсенді болды деген кезде Асаубай Майлыбаев, Жалғас Тәукебаев, Ерқанат Манжуов, Ерболат Саурықов, Мұқаш Ескендіров, Мейрамбек Төлепберген, Гүлдара Нұрымованың есімдері ең алдымен ауызға ілігетіні анық. Міне, осындай белсенді депутаттардың арқасында мінезді мәслихат атанып, облыс басшыларының депутаттармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істегені жасырын емес.
— Алтыншы шақырылымда бір таң қалғаным — бір ықпалды депутаттар болды, сол не айтса, облыс басшылары мақұлдай беретін. Ал, басқа депутат айтса тікірейіп шыға келеді. Ауыл-ауданнан сайланған депутаттар ептеп әлсіздеу болды. Аудан әкімі не айтса, соның ықпалынан шыға алмайтын сияқты боп көрінді. Сессияда қызу пікірталас болған кезде қойып кетпейді. Тараздан сайланған 7-8 депутат өте белсенді, сол депкорпустың локомотиві сияқты болып жүретін. Ол кезде сессияға депутаттар кезектесіп төрағалық жасайды. Жасыратыны жоқ, кейде сол сессияны да жүргізе алмайтын депутаттар болды. Сосын тұрақты комиссиялардың отырыстары көп жағдайда формальды түрде өтті. Депутаттардың көбісі қатыспайды. Менің ойымша, бір депутатты қайта-қайта сайлай беру де дұрыс емес. Екі шақырылымнан артық депутат болудың қажеті жоқ. Облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарып жүргенде мәслихатта неге шығармашылық интелигенция неге жоқ деп ойлайтынмын. Ол кезде мәслихатта ақын-жазушы, журналистер мүлдем болмайтын. Қазір облыстық мәслихаттың жартысын халық, жартысы партиялық тізіммен сайланады ғой. Енді осы партиялық тізімге жаңа таланттарды тарту керек. Енді бізге үндемей отыра беретін депутаттардың қажеті емес. Жалпы мәслихатқа депутат қып билікке бағынышты мекемелердің басшыларын жинай берген де дұрыс емес сияқты. Олар қаншалықты биліктің кемшілігін айта алады? Сосын мәслихат арқылы қызметте өсу деген принцип болуы керек. Аудандық мәслихаттың төрағасы болғандар неге облыс әкімінің орынбасары болмасқа? Бізде билікке ыңғайлы болған соң тәп-тәуір қолынан іс келетін кадрлар жылдар бойы мәслихаттың төрағасы болып отыра береді. Неге соларды басшы қылып билікке тартпасқа? Және тағы бір айтарым, мәслихат сенаторларды сайлайды. Енді сенаторлар да мәслихаттың алдында есеп беруі керек, — дейді Жамбыл облыстық мәслихатының алтыншы шақырылымының депутаты Мейрамбек Төлепберген.
Жамбыл облыстық мәслихатының ең есте қалған даулы оқиғасы — 2022 жылдың 5 сәуірі күні болды. Дәл сол күні өткен облыстық мәслихаттың XV сессиясында депутаттар екіге бөлініп, 6 депутат жиынды тастап шығып кетті.
Дау облыстық қоғамдық кеңестің мүшелеріне дауыс беруден туындады. Бір топ депутаттар кеңеске мүше болғалы тұрған 15 үміткерге жеке-жеке дауыс беруге шақырса, мәслихат хатшысы бастаған топ үміткерлерге жалпылама дауыс беруді ұсынды.
Екі ұсынысты дауысқа салған кезде көпшілік жалпылама дауыс беруді таңдады. Бұл нәтижеге риза болмаған алты депутат сессия жиынын тастап, залдан шығып кетті.
Сессия жұмысына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та қатысып отырған еді. Бұл оқиға мәслихаттың кейде билікке де бағынбай, керек кезде азу тісін, адуынды мінезін көрсете алатынын байқатты.
Депутат Асаубай Майлыбаев сессия сайын облыс басшыларына өткір сын айтуымен ерекшеленді. Өңірдегі проблемаларды батыл айтумен қатар А. Майлыбаев әкімдердің кемшілігін де жасырып қалмай, бетке айтты.
2012 жылы өңірдегі асылтұқымды мал шаруашылықтарының сыбайлас жемқорлыққа батып жатқанын алғаш рет депутат Майлыбаев көтерген болатын.
Бұл депутаттық сауалға Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев бірден назар аударып, тексеру комиссиясына осы істі тексеруге тапсырма берді.
Кейіннен асылтұқымды мал шаруашылығына байланысты қаншама былықтар ашылып, малдың тек қағазда ғана асылтұқымды екені белгілі болды.
— Мәслихат мінбері мініп алып, оңды-солды проблемаларды айта беретін жер емес. Мәселе көтеру үшін ой керек, тіл керек. Ең бастысы жүрек керек. Талай депутаттың оңашада талай проблеманы жыр қып айтып, сессия кезінде сөз таба алмай, тұтығып, сөзінен жаңылысып қалғанын көрдім. Сондықтан сессия кезінде жүрегінің түгі барлар ғана облыс әкіміне тіке сауал жолдап, мәселе қоя алады. Иә, депутат боп жүрген кезде талай мәселені көтердік. Әкімдерді де аямай сынадық. Қызмет беріп алдағысы келгендер де болды. Жалпы қашанда мәселенің ақиқатын, халықтың сөзін айтсаң, ешқашан ұтылмайсың. Жасыратыны жоқ, біздің кезімізде де мәслихаттың сессиясы үстінде облыс әкіміне сұрақ қоюға, сөйлеуге қарсы әрекеттер жасалды. Бірақ айтатын жерде ешқашан іркіліп қалғаным жоқ. Сессия кезінде барлық мәселе бойынша сауал қоюға, мәселе көтеруге болады. Кейде бір ауданның проблемасын айтып жатсаң сессияны жүргізушілер «Бүгін біз мәдениет саласын қарап жатырмыз, бұл басқа тақырып қой» деп ренжіп жатады. Осы мәселеге таң қалдым. Негізі сессия екі-үш айда бір рет болады. Сонда екі айда бір рет өтетін сессияда мәселе көтермесек, қашан айтамыз? Және айтатын мәселем сессияның сол күнгі күн тәртібіне келе ме, жоқ па деп тартынып отыру қаншалықты дұрыс? Ауылшаруашылығы мәселесін қашан қарайды деп ауылдың мәселесін жасырып, сақтап қоя алмайсың ғой. Төрт шақырылымның депутаты болған кезде мен осындай ұстаныммен жұмыс істедім, — дейді экс-депутат.
Жамбыл облыстық мәслихатының қазіргі сегізінші шақырылымы да өте белсенді. Жақында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев облыс мәслихаты депутаттарының алдында есеп беріп, бір жылда атқарылған шаруаларды баяндады. Осы жиында облыс басшысына депутаттар өз сайлау округтеріндегі проблемалар туралы сұрақтар қойып, тіпті инвестиция, кадр мәселесіндегі кемшіліктерді де жасырып қалмады.
Облыс әкімі бір жыл ішінде инвестиция іздеп Қытайға екі мәрте барып қайтты. Сол кезде ақпарат құралдарында облыс басшысының аспан асты еліне жасаған сапар барысында көптеген келісімдерге қол жеткізгенін, осының нәтижесінде жақында Байзақ ауданында трактор құрастыру зауыты, Тараз қаласында ауылшаруашылығына қатысты басқа да өндіріс орындары ашылатыны туралы жазылды. Бірақ әлі күнге бұл зауыттар ашылмақ түгілі әлі салынған да жоқ.
Және де облыс әкімінің аудан әкімдері мен басқарма басшыларын ауыстырған кезде орнына жаңа кадр тағайындау ісі тым ұзаққа созылатыны да өткір қойылды.
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттары Жамбыл ауданы Шайқорық ауылында салынғалы жатқан жайлы мектеп мәселесінде де белсенділік танытты. Бұл мектепті бір топ ауылдың ішінен соғылуы керек десе, тағы бір топ ауылдың сыртынан соғылуы керек деген ұстанымда болды.
Нәтижесінде ауыл халқы екіге бөлініп, мұның соңы дауға ұласты. Облыстық мәслихат депутаттары осы елдімекенге бірнеше рет арнайы барып, жиындар өткізіп, халықтың ұсыныс-тілегін тыңдап, оң шешуге бар күш-жігерін салды. Тіпті облыстық мәслихаттың жиынында Шайқорықтағы мектепке байланысты жергілікті биліктің солқылдақ шешімін сынап, бұл бағытта облыс басшыларының біржақты кеткенін өткір сынға алды.
Қысқасы Жамбыл облыстық мәслихаты осынау 30 жыл ішінде өңірдің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосып, заңнамамен берілген өкілеттіліктерін тиімді пайдалана отырып және облысымыздың бүкіл проблемаларын жан-жақты зерттеп, сондай-ақ мемлекеттің мүддесіне сүйене отырып, өз сайлаушыларының мәселесін табысты шешіп келеді.