Матч қиынға соқты, бастысы жеңіс бізде – Әділ Бекетаев

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан хоккей құрамасының ойыншысы Әділ Бекетаев қысқы Азия ойындарындағы отандық ерлер командасының тұғырлы жеңісінен кейін әсері туралы айтып берді.

Әділ Бекетаев
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

- Көңіл күйді жеткізу мүмкін емес, елдің туын алып шыққан мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Туды алып шыққан спортшылар алтын жүлде алмайды дегенді естіп, қобалжығаным бар. Қазір иығымнан жүк түскендей болып тұрмын. Бұл елдің жеңісі, жанкүйерлердің жеңісі, жақындарымның жеңісі. Сезімді айтып жеткізу мүмкін емес, - деді Әділ Бекетаев Kazinform агенттігінің тілшісіне сұхбат бере тұрып.

Осы орайда қысқы Азия ойындарының жеңімпазы жеңісін отбасы мен жақын жандарына арнайтынын жеткізді.

- Әр матчтан кейін жеңіске жетейін, жетпейін үнемі алғаш болып отбасым, жақындарым хабарласады, қолдау көрсетеді. Жалпы матч қиынға соқты, бастысы жеңіс бізде, - деп толықтырды жерлесіміз.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Азиада-2025 қысқы ойындарында хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы чемпион атанды.

Финалда, қазақстандық жігіттер Жапония құрамасымен күш сынасты.

Айта кетейік, Әділ Бекетаев қысқы Азия ойындарының ашылу салтанатында еліміздің туын алып шықты. Ол Қазақстан Республикасының хоккейден спорт шебері, жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері және жеңімпазы.

Сондай-ақ Әділ Бекетаев біздің агенттік тілшісімен Қытайға қарсы ойын туралы айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар