Математика қазақ халқының өмірінде де жарқын көрініс тапқан – қызылордалық ұстаз

Математика
Фото: Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінен

Қызылордалық ұстаз Мұхтар Талғатұлының мектеп оқушылары мен мұғалімдерге арнап жасаған математикалық сайты көпшілік арасында үлкен сұранысқа ие болып отыр. Қазіргі күні математикалық сайттың жаһандық желі беттерінде танымалдығы артып келеді. Kazinform жаңашыл жобаны жүзеге асыруға ұйытқы болған ұстазбен сұхбаттасты.  

– Бұл идея қашан пайда болды? Оған көпшіліктің қызығушылығын білгіміз келеді.

– Мен Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде қызмет атқарамын. Оқушылар мен мұғалімдерге арналған қазақша математикалық сайт осымен 6-шы жыл жұмысын үздіксіз жалғастырып келеді. Қазіргі таңда тұрақты 23 мыңнан астам белсенді қолданушысы бар. Осылайша қолданушылар контент мазмұны мен қолжетімділігіне жоғары баға беріп отыр.

Сайт құру идеясы бірнеше жыл бұрын пайда болды. Жаһандық желі беттерінен қазақ тіліндегі материалдардың жетіспеушілігін байқадым. Сол арқылы математикадан барлық ресурсты, оның ішінде электронды оқулықтар, дидактикалық материалдар мен тесттер, сонымен қатар есептер жинағын бір сайтқа жинақтауды қолға алдым. 

Кейіннен әріптестердің кеңесі бойынша онлайн-платформаны түрлі ресурстар және құралдармен толықтырдым. Сайтта әдістемелік нұсқаулықтан басқа, қорытынды емтиханға дайындалуға арналған әртүрлі тест тапсырмалары бар. Сондай-ақ пән бойынша білімді тексеруге арналған олимпиадалық бөлім ашылған. 

– Сайтты жасап шығуға кімдер ықпал етті? Оған мектепте білім алып жатқан жас өрендердің қызығушылығы қалай? 

– Сайттың ең қымбат бөлігі – оның түпкі идеясы, концепциясы. Оны жасай алатын адамдар көп болуы мүмкін, бірақ түпкі идеясын мен жалғыз отырып жасай алмас едім. Яғни, әріптестерімнің қосқан идеяларының арқасында толыққанды контентке айналып отыр.

Бастапқыда оқушылармен команда құру арқылы кішігірім жобалар жасаудан басталса, қазіргі таңда республика бойынша математика пән мұғалімдері арасында команда құрып, әртүрлі жобаларды іске асырудамыз. Соның ішінде сайт дизайнын жасау, теориялық бөлімдер мен тесттер түрлері және құрылымы, сол сияқты есептер шешімдері сияқты командалық жобалар бар. Мектеп оқушыларын жобаға тарту әлі де сәтті жалғасын табуда. 

Мен үнемі қолданушылардың пікірімен санаса отырып, қай жобаға сұраныс көптігіне анализ жасап отырамын. Сайтта қазіргі таңда мұғалімдерге арналған бөлімдері, оның ішінде Оқушыларды топқа бөлу, Оқушыны таңдау, Кроссворд құрастыру, Филлворд жасау сияқты басқа да құралдар бөліміне сұраныс көп. Бұл құралдарға бейненұсқаулық жасап, әлеуметтік желілерде 200 000-нан астам қаралым жинап жүрген мұғалім-блогерлерге алғысымды білдіргім келеді. Соның арқасында сайттың аудиториясы кеңейіп, басқа пән мұғалімдері үшін де танымалдылыққа ие болды. 

Ұстаз
Фото: Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі

– Сайттың қолжетімділігі туралы айтып беріңізші. Барлық ресурс тегін бе?

– Бастапқыда сайт жасаудағы идея барлық ресурстарды тегін көрсету болатын. Сондықтан сайтта ешқандай жарнама элементтері орналастырылмады және барлық ресурсты тегін жүктеп немесе баспадан шығарып алуға болады. 

– Инновациялық жоба республикалық деңгейдегі іс-шаралар барысында таныстырылды ма? Оны сала мамандары қалай бағалады? 

– Алғашқыда, семинарларда сайттың мүмкіндіктері тақырыбында шеберлік сағаттарын өтіп жүрдім. Кейін 2020 жылы авторлық жобамды республикалық Педагогикалық идеялар фестивалінде таныстырдым. Мұнда сарапшылар сайтты жоғары деңгейде бағалады, бұл сайыстан маған бас жүлде табысталды. 

– Математика саласында жеткен табыстарың үшін қандай марапатқа ие болдың?

– Айта кету керек, 2019 жылғы қорытынды аттестаттаудың нәтижесі бойынша менің шәкірттерім математика пәні бойынша жоғары балл жинап, 20 зияткерлік мектеп арасында алғашқы ондықтан көрінді. Ал білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесім мен педагогикалық қызметтегі шығармашылық жетістіктерім үшін Білім және Ғылым министрінің Алғыс хатымен марапатталдым. 

– Қазақтілді қоғамды қалыптастыру үшін не істеу керек?
– Қазақтілді қоғам қалыптастыру үшін біз қолданушыларға барлық ресурсты қазақ тілінде тауып бере алуымыз керек. Бұл өте маңызды. Сол себепті әріптестерімді шығармашылықпен айналысуға және қазақ тілді ресурстар қорын толықтыруға атсалысуға шақырамын. 

– Әңгімеңізге рақмет.

Соңғы жаңалықтар