Материалдық емес құндылықтар түгенделмей тұр – Жанарбек Әшімжан
АТЫРАУ. KAZINFORM – Елімізде материалдық емес құндылықтарды түгендеу түбегейлі жолға қойылмай тұр. Бұл жөнінде Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімхан Ұлттық құрылтайдың «Мәдениет. Өнер. Руханият» жұмыс секциясының жиынында айтты.
«Материалдық емес құндылықтардың екі бағыты бар. Біріншісі – археологиялық жәдігерлер. Бұл Үкіметтің қаулысымен зерттеліп, іске асырылып отыр. Ал, екіншісі – экспедиция. Бірақ, материалдық емес құндылықтар түбегейлі жолға қойылмай тұр. Бұл тұрғыда республикалық ауқымды айтпағанда, өңірлік деңгейде мемлекеттік саясат жүзеге асырылған жоқ. Материалдық құндылықтар дегеніміз – жыр, жұмбақ, жаңылтпаш, айтыс, фольклор, құсбегілік. Біз қазақтың мың әні, мың күйі шықты дейміз. Бұл – айналымдағы, 50-60 жылдық қорда сақталған дүниелер. Материалдық емес болса да ұлттық құндылығымызға жататын бай мұрамызды әлі толық түгендеген жоқпыз», -деді Жанарбек Әшімжан.
Оның айтуынша, Арқаның даласында, Маңғыстаудың ойы мен қырында қазақтың әлі де толық зерттелмеген ұлттық құндылықтары жатыр.
«Бұл дегеніміз не? Бұл – қазақтың ұлттық иммунитеті. Қазір адам айтса нанғысыз түрлі қылмыс жасалып жатыр. Әкесіне қарсы шығып, беттен алатын балалар бар. Материалдық емес құндылықты бойына сіңірмеген ұрпақ отбасындағы зорлық-зомбылық, мемлекет қаржысын ұрлау секілді қылмыстарға барады. Міне, мұның бәрі ұлттық құндылықтан ажыраудың салдарынан туындап отыр», -деді Ұлттық құрылтай мүшесі.
Депутаттың пікірінше, ұлттық рухы жалаңаштанған ұрпақтың буыны қалыптасты. Бұл буынның бетін ұлттық құндылыққа қалай бұру керек ?
«Көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан, Ресейде, ондағы республикаларда материалдық емес құндылықтарды сақтау, зерттеу, келер ұрпаққа табыстау туралы заң қабылданды. Қырғызстанда Манас туралы жеке, материалдық емес құндылықтар туралы жеке заң бар. 2003 жылы материалдық емес құндылықтар туралы Париж конвенциясы қабылданған. Біздің еліміз сол конвенцияға мүше болып кірген. Ал, 2011 жылы Үкімет арнайы қаулы шығарып, тұжырымдама бекіткен. Сол тұжырымдама қағаз күйінде қалды. Енді бізге материалдық емес құндылықтар туралы заң қажет. Өйткені, бұл – ұлттың құндылығы, баға жетпес байлығы», -деді Жанарбек Әшімжан.
Еске сала кетелік, Мереке Құлкенов Сарайшықтың тарихын зерттеу, құндылығын насихаттау жетіспейтінін айтқанын жазған едік.