Мәулен Әшімбаев: «Парламенттік каникул» дегеніміз дәстүрлі демалыс емес
Мәулен Әшімбаев өз жазбасында Парламенттің өткен сессиядағы жұмысына тоқталып, қабылданған кейбір нормаларға назар аударған.
«Өткен сессияда Парламент Мемлекет басшысының экономиканы қалпына келтіру және пандемиямен күрес жұмыстарына қатысты барлық бастамасын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз еткенін ерекше атап өткен жөн», – деді Сенат Төрағасы.
Сондай-ақ, ол парламенттік каникулға шыққан сенаторлардың өз өңірлерінде және елордада індетпен күрес жұмыстарына белсене атсалысып жүргенін айтқан.
«Бүгінде депутаттар өз өңірлерінде жұмыс істеуде. «Парламенттік каникул» дегеніміз дәстүрлі демалыс емес. Бұл – ең алдымен, жұмысты Парламент қабырғасынан тыс жерде жалғастыру деген сөз. Қазірдің өзінде сенаторлар алдағы сессияда қаралатын заң жобаларымен жеке жұмыс істеп жатыр», – делінген жазбада.
Індетке байланысты қабылданған шектеу шаралары депутаттардың аймақтардағы сапарына да айтарлықтай әсер еткенін айтқан Сенат Төрағасы халықпен кездесулердің алдағы уақытта өткізілетініне назар аударған.
«Карантин кезінде азаматтармен жаппай кездесуден бас тартуға тура келді. Бірақ карантин аяқталып, эпидемиологиялық жағдай жақсарған соң халықпен кездесулер міндетті түрде өткізіледі. Бүгінде аймақтарға барған сенаторлар Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысын қадағалап, бақылау жүргізуде. Дәрі-дәрмек пен медициналық құралдар жетіспей жатса, сол түйткілді дереу көтеріп, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарды жұмылдыру арқылы мәселенің оң шешілуіне септіктерін тигізіп жатыр», – дейді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар ол індет кезіндегі қайырымдылық істерге де тоқталып өткен.
«Депутаттарымыз халықпен бірге өз қаражаттары есебінен азаматтардың және медициналық мекемелердің қажеттілігі үшін қолдау көрсетуде. Көпшілігі бұл әрекеттерін жария түрде жасап жатқан жоқ. Жасаған қайырымды істерін жариялау не жарияламау – әркімнің жеке қалауы. Дегенмен, қазіргідей жағдайда қайырымдылық пиардың құралына айналып кетпеуі керек деп есептеймін», – деген Сенат Төрағасы Құрбан айт қарсаңында қолға алынған жаңа бастаманы да тілге тиек еткен.
«Құрбан айт қарсаңында сенаторлар медициналық қызметкерлерді қолдауға бағытталған акцияға белсенді қатысып жатыр. Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет қоры» депутаттармен және еріктілермен бірлесіп дәрігерлер мен медициналық қызметкерлердің отбастарына азық-түлік қоржындарын таратуды ұйымдастырып отыр. Мен бұл ізгі бастама қазақстандықтар тарапынан үлкен қолдау табады деп ойлаймын», – дейді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ, Сенат Төрағасы пандемиямен күрес жұмыстарына әр азаматтың үлес қосу керектігін атап өткен.
«Коронавирус адамдарды әлеуметтік мәртебесіне, тұрмыс жағдайына, жынысына, этникалық сипатына қарай бөлмейді. Сондықтан пандемиямен күрес – жалпыұлттық күрес деген сөз. Осы жағдайда сенаторлар азаматтардың денсаулығын қорғауға және дағдарыстан кейінгі кезеңде экономиканы қалпына келтіруге бағытталған жұмысын жалғастыра береді. Барлық мүдделі азаматтармен және ұйымдармен ынтымақтаса жұмыс істеп, бірлесіп әрекет етуге дайынбыз», – делінген Мәулен Әшімбаевтың жазбасында.