Мәулен Әшімбаев Павлодар облысына сапармен барды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев арнайы сапармен Павлодар облысына барды. Бұл туралы партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.
None
None

Сапар барысында ол партия мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бірлесіп ұйымдастыруымен өткен «Лайықты еңбек - мемлекеттің тұрақтылық негізі» атты жұмысшылар форумына қатысты. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев облыс әкімі Болат Бақауовпен бірге С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханаға барып, осы бағыттағы партиялық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.

Одан бөлек, партияның облыстық активімен кездесіп, Елбасының Жолдауы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған басымдықтарға назар аударды.

Осы жылдың сәуір айында «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, қазақстандықтардың еңбек құқығын қорғау және еліміздің әлеуметтік жаңғыруын одан әрі нығайту жолында күш біріктіруге уағдаласқан болатын. Соның аясында өткен «Лайықты еңбек - мемлекеттің тұрақтылық негізі» атты жұмысшылар форумы еңбек қауіпсіздігін сақтауға және оны қорғауға, сондай-ақ Елбасының жаңа Жолдауында айтылған басымдықтарға сәйкес еңбекке лайықты жағдай жасауға бағытталды.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары осындай ауқымды форумның Павлодар облысында өтуі тегін еместігіне және бұл өңірдің еліміздегі ең ірі өндіріс ошақтарының бірі екеніне назар аударды. Сондай-ақ ол жиында қазіргі таңның ең өзекті мәселесі көтеріліп отырғанын айтып, әр қазақстандықтың еңбегі елдің әлеуметтік, саяси және экономикалық тұрақтылығының негізін қалайтынын тілге тиек етті.

«Қазіргі таңда Қазақстан Елбасы саясатының арқасында дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Елімізде жан-жақты жаңғыру үдерістері қолға алынып, қарқынды жүргізіліп келеді. Мұның барлығы басты мақсатымыз - әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу жолындағы нақты қадамдар. Осындай ауқымды істе алпауыт өндіріс орындарының да рөлі ерекше. Өйткені аталған кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігі мен өсіп-өркендеуі мыңдаған қазақстандық отбасының әл-ауқатының артуына септігін тигізеді», - деді Мәулен Әшімбаев.

Өз сөзінде партия Төрағасының Бірінші орынбасары Форум өткен Ақсу ферроқорытпа зауытының осындай ірі өндіріс орындарының бірі саналатынын айтты. Биыл құрылғанына 50 жыл толған зауыт осы уақыт ішінде 35 миллионнан астам ферроқорытпа өндіріп, елдің дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Бүгінде Қазақстанның ферроқорытпа өндірісінің 60 пайызын қамтитын кәсіпорынның өнімдері Жапония, Корея, Қытай, АҚШ, Ресей мен Еуропаның бірқатар елдеріне экспортталады.

Бұл жұмыстар Қазақстанның Үшінші жаңғыруы мен Елбасының жаңа Жолдауындағы талаптарға сай бастамалар екенін айтқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасы айқындап берген мақсаттарға қол жеткізу үшін еңбек адамына лайықты жағдай жасаудың маңызы зор екеніне тоқталды.

«Елімізде Елбасының тікелей бастамасымен еңбек қауіпсіздігін сақтау, еңбекті қорғау және оны лайықты бағалау жөнінде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Осы мақсаттағы бүгінгі форум Елбасымыздың Қазақстанның Үшінші жаңғыруы бастамасын жүзеге асыруда үлкен маңызға ие. Себебі, кез келген істің адам күшімен, адам еңбегімен іске асатыны белгілі. Сондықтан еңбектің қорғалуы қолға алған істің нәтижелі болуын қамтамасыз ететін тиімді тетік», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол барша қатысушыларды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, бүгінгі жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің барлығы егемендігіміздің арқасы екенін айтты.

Өз кезегінде, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым федерацияның 2018 жылды еңбек қауіпсіздігі және қорғау жылы деп жариялағанына назар аударып, сол бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталды.

«Мемлекеттік органдардың, кәсіподақтардың және жұмыс берушілердің жүйелі тексерістері мен бақылауларына қарамастан өндірістік жарақаттар мен қайғылы оқиғаларға біржола тосқауыл қою мүмкін болмай отыр. Сондықтан біз «Еңбекті қорғау саласында алдын алу мәдениетін бірге арттырамыз» деген арнайы акцияны қолға алдық. Бұл бастама екі жыл бойы жүзеге асырылады. Сондай-ақ еліміздің барлық өңірінде «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы да нәтижелі іске асырылып келеді», - деді Бақытжан Әбдірайым.

Айта кетейік, 2017 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 1678 жұмысшының еңбек жарақатын алғаны анықталған. Өкінішке қарай, олардың 244-і қайғылы аяқталды. Сондықтан осындай олқылықтардың алдын алу үшін бұл мәселені күн тәртібінен түсірмей, ұдайы басты назарда ұстап отыру аса маңызды.

Форум соңында Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен өткізілген «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бүгінде елімізде 12855 өндірістік кеңес жұмыс істесе, олардың құрамында 17751 техникалық инспектор жұмысшыларға қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар сапар барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары партияның облыстық активімен кездесіп, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы мен жақында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған басымдықтарды жүзеге асыру барысын талқылады. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Мемлекет басшысының аталған құжаттарда айқындап берген басымдықтары жүйелі сипатқа ие екенін айтып, оларды нәтижелі орындау үшін партияның алдында тұрған басты міндеттерге тоқталды.

«Қазіргі таңда партиямыздың алдында тұрған басты міндеттердің бірі - Елбасы Жолдауына ақпараттық қолдау көрсету. Сондықтан аталған құжаттың мәні мен маңызын әр қазақстандыққа жеткізуде еселі еңбек етуіміз керек. Сондай-ақ Жолдаудың жүзеге асырылу барысына қоғамдық бақылау жүргізу де нұротандықтарға жүктелген маңызды іс. Біз бұл істе тұрақты мониторинг жүргізіп, қажет жағдайда олқылықтарды әкімдіктер мен Үкіметтің алдында ашық айтуға тиіспіз», - деді Мәулен Әшімбаев.

Одан бөлек, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары партиялық жаңғыру аясында қолға алынған жобаларды жүзеге асыруға, келесі жылы «Нұр Отанның» 20 жылдығына орай өткізілетін іс-шараларға белсене қатысуға және Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы басым бағыттардың орындалуын қамтамасыз етуге барша нұротандық өз үлесін қосуы керектігін атап өтті. Сондай-ақ осы бағытта павлодарлық нұротандықтарға бірқатар нақты тапсырма берді.

Жалпы қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясы Елбасы, партия Төрағасының тапсырмасымен өз қызметін жаңғырту жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатқаны белгілі. Соның аясында 20-дан астам жаңа жоба қолға алынып, «Цифрлы Қазақстан», шағын және орта бизнесті қолдау және «Рухани жаңғыру» сияқты бағдарламаларды орындауға бағытталған игі істер жүзеге асырылуда.

Аталған жобалардың бірі еліміздегі кітапханалардың қызметін бүгінгі талаптарға сай қайта жаңғыртып, оларды заманауи білім орталығына айналдыру. Қазірдің өзінде бұл жұмыстар өз жемісін беріп, еліміз бойынша 100-ден астам кітапхананың қызметі жаңғырды. Олардың ішінде ауыл-аймақтағы кітапханалардың да бар екенін ерекше атап өткен жөн.

Сондықтан Мәулен Әшімбаев Ертіс-Баян өңіріне сапары кезінде С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханаға арнайы барды. Аталған нысанның бүгінде 550 мың данадан астам кітап қоры бар. Қазіргі кезеңде аталған кітаптар «Қазақстанның ашық кітапханасы» партиялық жобасы аясында цифрлы форматқа көшіріліп жатыр. Бұл жұмыстар Book Drive, Laren сияқты сканер құрылғылардың көмегімен жүргізілуде. Осылайша кітаптардың шалғайдағы оқырмандар үшін де қолжетімділігі қамтамасыз етілмек.

Жалпы қазіргі таңда отандық кітапханалардың кітап қорларын электронды нұсқаға айналдыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқаны белгілі. Негізгі ауқымды жұмыстар Астана мен Алматы қалаларында жүргізілсе, өңірлерде жергілікті жердің тарихы мен өлкетану бағытындағы кітаптар цифрлануда. Соның нәтижесінде партияның бастамасымен елімізде бірыңғай онлайн кітапхана жүйесі іске қосылмақ. Бұл жүйеге барлық университеттердің кітапханалары да енгізіледі деп жоспарланып отыр. Мұндай қадам еліміздегі кез келген кітапты электронды түрде оқуға мүмкіндік береді.

«Нұр Отан» партиясының кітапхана қызметін жаңғыртудағы кезекті бастамасы - заманауи білім орталықтарын құру ісі бойынша Павлодар облысында айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Бүгінде өңірде 25 коворкинг орталығы ашылып, онда кітап оқумен қатар, түрлі тақырыптарда пікірталастар мен тренингтер және белгілі тұлғалардың дәрістерін өткізу ісі жүйелі жолға қойылған.

Кітапхана оқырмандарымен және өңірдің бір топ жас ақын-жазушыларымен кездескен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары мұндай бастамалардың маңызы зор екенін айтты.

«Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі мәні жастардың білімге деген құштарлықтарын арттыру. Ал бар білімнің негізі кітапта екені белгілі. Сондықтан партия Төрағасының тапсырмасы бойынша біз осындай игі істі қолға алдық. Бұл - бәсекеге қабілетті, интеллектуалды ұлт қалыптастыруға және еліміздің экономикалық дамуына үлес қосуға бағытталған нақты жұмыстар», - деді Мәулен Әшімбаев.

Соңғы жаңалықтар