Мәулен Әшімбаев әлемдік рухани лидерлер бас қосқан халықаралық конференцияда сөз сөйледі

әшімбаев
Фото: Сенат

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев «Сенімдердің тоғысуы: рухани лидерлердің жаһандық жаңғыру жолында бірігуі» атты халықаралық конференцияда сөз сөйледі. Kazіnform оқырман назарына спикер сөзінің мәтінін ұсынады. 

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың «Сенімдердің тоғысуы: рухани лидерлердің жаһандық жаңғыру жолында бірігуі» атты халықаралық конференциясында сөйлеген сөзі. 

Планетарлық жаңғыру жолындағы рухани көшбасшыларды біріктіруге арналған конференцияның Абу-Дабиде өтуінің символдық мәні бар. Бұл қала - жаһандық дінаралық диалогтің танымал орталықтарының бірі. Мұнда ашылған Авраам әулетінің үйі үш діннің – ислам, иудаизм және христиан дінінің бауырластық жақындығын еске салады.

«Таяу Шығыс пен басқа аймақтарда қақтығыстар өршіп тұрған қазіргі уақытта рухани көшбасшылардың кездесуі - өзара түсіністік пен құрметке негізделген халықаралық диалог мәдениетін ілгерілетуге маңызды үлес қосады».

Біз алдағы уақытта өтетін COP28 климаттық конференциясына дайындық барысында жиналып отырмыз. Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерінің климаттық күн тәртібін талқылауға әлемдік діндер көшбасшыларын тарту туралы бастамасын толығымен қолдайды.

Бұл тәсіл оң нәтиже береді деп есептейміз, өйткені бүгінгі таңда рухани көшбасшылардың сындарлы және жасампаз рөлі маңызды.

Конференцияда талқыланатын тақырып бүкіл әлем үшін өте өзекті. Қазақстан климаттың өзгеруіне ден қою бойынша халықаралық істерге елеулі үлес қосып отырғанын атап өткім келеді.

Біздің еліміз Париж келісімін алғашқылардың бірі болып ратификациялады. Біз көміртегі ізін азайтуға және 2060 жылға қарай көміртегін бейтараптандыруға қол жеткізуге бағытталған саясатты біртіндеп жүзеге асырудамыз.

Орталық Азия климаттық қиындықтарды жеңу үшін халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын жақсы түсінеді. Біздің өңір жаһандық жылынудың салдарын бастан кешіруде. Сарапшылардың мәліметінше, Орталық Азиядағы температура әлемдік орташа деңгейден әлдеқайда жылдам көтерілуде.

Осыған байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында осы саладағы нақты бастамаларды ұсынды. Оның ішінде Алматы қаласында БҰҰ-ның климаттың өзгеруі және жасыл энергетика бойынша аймақтық кеңсесін ашу ұсынысы да бар.

Біздің еліміз климат мәселесі бойынша барлық мүдделі тараптармен ынтымақтастықты дамытуға дайын.

Өткен жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев төрағалық еткен VII съезд жоғары мазмұнды деңгейде өтті. Оған 50 елден 100-ден астам делегация қатысты.

Олардың қатарында Рим Папасы Франциск пен Әл-Азхардың жоғары имамы Ахмед шейх ат-Тайеб, сондай-ақ басқа діндердің жоғары өкілдері болды.

VII Съездің қорытындысы бойынша оған қатысушылар Астана дінаралық форумын одан әрі дамыту қажеттігі туралы шешім қабылдады.

Съез хатшылығының қазан айында өткен отырысында форумды 2033 жылға дейін дамыту Тұжырымдамасы қабылданды. Бұл құжат Съез миссиясын кеңейтуді көздейді.

2003-2023 жылдар аралығындағы бірінші кезеңде Съездің негізгі мақсаты дінаралық диалогты нығайту болды.

Алдағы жылдары біз алдымызға жаңа мақсат қойып отырмыз, ол – дін көшбасшыларына жәрдемдесу және ең өзекті жаһандық проблемаларды шешу үшін рухани дипломатияның жасампаз әлеуетін іске асыру.

Әлемдік рухани көшбасшылар бірігіп, адамзат алдында тұрған экзистенциалды қатерлерді шешуге елеулі үлес қоса алады. Олардың қатарында климаттық қиындықтарды, кедейшілік пен теңсіздікті жеңу, экстремизммен күресу, қақтығыстарды тоқтату бар. Бұл бағытта бірқатар нақты тетіктер мен бастамалар ұсынылып отыр.

Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары Съезінің жаңартылған миссиясы біздің бүгінгі Конференциямыздың идеясына толығымен сәйкес келеді.

Бүгінгі Конференция жалпы сын-қатерлерді еңсеру және барлық халықтардың игілігі үшін шынайы ынтымақтастық рухын көтереді деп ойлаймын.

Мұндай кездесулер конфессияаралық диалогты нығайтып, қазіргі проблемалардың тиімді шешімдерін іздеуге ықпал ететініне сенімдімін.

Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезінің хатшылығы атынан Қазақстан әрқашан ынтымақтастыққа ашық және ортақ мақсаттар жолында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін тағы бір мәрте атап өткім келеді.

Соңғы жаңалықтар