Мәулет Әлихан батуттағы гимнастикадан әлем чемпионатында күміс жүлде жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасының өкілі Мәулет Әлихан батуттағы гимнастикадан жас ерекшеліктері бойынша Нанкинде (Қытай) өткен әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.

Мәулет Әлихан батуттағы гимнастикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды
Фото: ҚР ҰОК

Қазақстандық спортшы 17-21 жас аралығындағы гимнастар арасында қос шағын батутта өнер көрсетіп, финалда екінші орынға ие болды.

Бірінші орынды 28,600 ұпай жинаған ресейлік Лев Бусарев иеленді. Ал америкалық Кейсен Мааг 23,900 ұпаймен қола жүлдеге қол жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін Дмитрий Панарин бадминтоннан халықаралық турнирде күміс жүлдегер атанғанын хабарлаған едік.