Мәулітте «Жыл имамы» марапатталды

АСТАНА. 18 ақпан. ҚазАқпарат - Адамзатттың ардақтысы Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүнеиеге келген мүбәрак айдың құрметіне орай жер-жерлердегі мешіттерімізде Мәуліт мерекесі салтанатпен өтуде. Осындай игі шараға жуырда Павлодар облыстық «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешіті де ұйытқы болды.
None
None

1500 адамға арналып салынған қалалық Естай атындағы мәдениет сарайында ине шаншыр жер қалмады. Рухани кешті жыл сайын күтетін көпшілік қауым салтанатты шараға бір сағат бұрын жиналды. Мерекеге сай безендірілген сахна маңдайшасына «Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған айы - «Мәуліт құтты болсын!» деген жазуы бар бейне ролик түрлі-түрлі суреттермен алмасып, LED-экранда мәдени шара соңына дейін жарқырап тұрды.

Мәуліт мерекесінің шымылдығы «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің имамдары арнайы әзірлеген «Екі дүние сардары (с.ғ.с.)» атты бейне роликпен ашылды.

Кеш жүргізушісі, елімізге танымал ақын Арман Бердалин мұсылман қауымын айтулы мерекемен құттықтай келе облыс әкімі Ерлан Арынды сахна төріне шақырды.

Облыс әкімі қасиетті Мәуліт мерекесімен барша жамағатты құттықтап, аймақ бойынша дін және мешіт істерін қолдау, жастарға имандылық, отаншылдық тәрбие беру бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар туралы мәлімдеді. Ерлан Мұхтарұлы облыстық «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешіті қала және аудан имамдары арасына ұйымдастырған «Жыл имамы - 2012» атты бәйгенің жемісті де нәтижелі өткенін, жүлделі орындарға ие болған дін қызметкерлері үшін бұл шараның алдағы уақыттарда да үлкен жауапкершіліктер жүктейтініне тоқталды. Аймақ басшысы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан имамдарға аталмыш бәйгенің жүлделерін табыс етті.

«Жыл имамы - 2012» байқауының бас жүлдесін қанжығасына байлаған Екібастұз ауданының бас имамы Мәди Ахметовке су жаңа «Жигули» автокөлігінің кілті табысталды. Бірінші орынды иемденген Май ауданының бас имамы Берік Жағыпаров умра қажылығына тегін жолдаманы және 150 000 теңге ақшалай сыйлықты ұтып алды. Ал жүлделі екінші орынға (умра қажылығына тегін жолдама) Ақсу ауданының бас имамы Ғалыбек Қабылдинов лайық деп танылса, үшінші орын («Бурабай» шипажайына бір аптаға отбасымен бірге тегін жолдама) Павлодар қалалық «Ақмешіт» мешітінің бас имамы Әбдімүтәли Омаровқа бұйырды.

ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіреттің павлодарлық мұсылман қауымына жолдаған сәлемін жеткізе келе, ел игілігі мен бірлігі жолында қызмет етіп келе жатқан облыс әкімі Ерлан Арынға және өкіл имам Нариман Ермекұлына Бас мүфтидің «Алғыс хаттарын» табыстады.

Келесі кезекте сөз алған Нариман Исенов 2012 жылы «Мәшһүр Жүсіп» мешіті бірқатар игі шаралар атқарғанын, соның бірі де бірегейі - «Жыл имамы - 2012» байқауының жыл бойы жақсылықта жарысқан имамдардың асыл дінімізге аянбай қызмет етуіне, жігерін оятып, ықылас-ниеттерін арттыруға септігін тигізгенін жеткізді. Бас имам адамзаттың ардақтысы, екі дүние сардары болған Алла Елшісінің (с.ғ.с.) дүниеге келу құрметіне арналған биылғы Мәуліт мерекесін аса жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барлық азаматтарға, өнер адамдарына алғысын білдіріп, әсіресе осындай шараның әсерлі өтуіне үлкен қолдау көрсеткен облыс әкімі Ерлан Мұхтарұлына ризашылығын білдірді.

Халқымыздың ықыласына бөленген Алматыдан арнайы ат терлетіп келген танымал «Жігіттер» квартеті «Жетімдер», «Дүние керуен», «Туған жер», «Ана» атты әсерлі әндерімен Мәуліт мерекесінің мерейін өсірді. «Низам» тобының және ақын Қуаныш Шармановтың орындауындағы термелер де көпшіліктің көзіне жас үйірді. Сонымен қатар Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері сахналаған «Дүниеқұмарлық» атты көрінісі де көптің көңілінен шығып, жиналған қауымға үлкен әсер етті. Ал, асыл сөздің мәйегін термелеп, ғибратты оқиғаларды, мысал әңгімелерді айтып, адамдарды аузына қаратқан ақын Арман Бердалин «Арақ пен қазақ» өлеңін оқып берді. Ғибратты, тағылым мен тәлімге бай өлеңмен сусындаған халық уақыт шіркіннің қалай тез өте шыққанын да аңғармай қалды...

Соңғы жаңалықтар