Майами қаласында өткен АҚШ-Украина форматындағы келіссөзде не айтылды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стивен Уиткофф Флорида штатының Майами қаласында өткен АҚШ-Украина форматындағы келіссөздер барысында қандай мәселелерге баса назар аударылғанын айтты, деп хабарлайды DW.

Уиткофф Берлинде еуропалық көшбасшылар және Зеленскиймен кездеседі
Фото: Report

Арнайы өкілдің айтуынша, кездесу барысында төрт негізгі мәселе талқыланған. Атап айтқанда, Трамптың 20 тармақтан тұратын бейбіт жоспарын одан әрі дамыту, қауіпсіздік кепілдіктерінің көпжақты жүйесі бойынша ұстанымдарды келісу, Украинаға арналған америкалық қауіпсіздік кепілдіктері жүйесі бойынша көзқарастарды нақтылау, сондай-ақ «экономикалық даму мен өркендеу жоспарын» ілгерілету мәселелері қаралған.

Стивен Уиткофф келіссөздер алдағы қадамдардың мерзімі мен реттілігіне қатысты болғанын атап өтті.

– Ортақ басымдықтарымыз – адам өлімін тоқтату, кепілдендірілген қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Украинаны қалпына келтіру, тұрақтылық пен ұзақ мерзімді өркендеуге жағдай жасау. Бейбітшілік тек соғыс қимылдарын тоқтатумен шектелмеуі керек, ол тұрақты болашақтың берік негізіне айналуы тиіс, – деді ол.

Сондай-ақ Уиткоффтың айтуынша, Майамиде украин делегациясы еуропалық әріптестерімен де кездесулер өткізген.

Украина делегациясының құрамында елдің Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров және Украина Қарулы күштері Бас штабының бастығы Андрей Гнатов болған.

Ал америкалық делегация құрамында Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер, Ақ үй қызметкері Джош Грюнбаум және Стивен Уиткоффтың өзі қатысты.

Талқылауға Украина, АҚШ және Еуропаның ортақ стратегиялық ұстанымын келісу үшін еуропалық елдердің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі негізгі кеңесшілері де қосылған.

Бұған дейін хабарланғандай, 20 желтоқсанда Майами қаласында АҚШ пен Украина арасындағы екі күндік келіссөздер аяқталған. Украина делегациясының басшысы Рустем Умеров Майамиде «америкалық және еуропалық әріптестермен» кездесу өткенін мәлімдегенімен, оның егжей-тегжейін ашпаған еді.

Соңғы жаңалықтар