Майами мастерс турнирі: Бублик пен Шевченко кімдермен ойнайды
АСТАНА. KAZINFORM — 20-31 наурызда өтетін Майами (АҚШ) мастерс турнирінің жеребесі тартылды.

Айтулы додаға әлемнің маңдайалды теннисшілері қатысады.
Дүниежүзілік рейтингіде 2-орында тұрған, өткен аптада Индиан-Уэллс мастерс жарысында үздік шыққан испаниялық Карлос Алькарас доданың 1-ракеткасы болып тіркелген.
Сондай-ақ италиялық Янник Синнер жарысқа екінші, өткен жылы Майамиде чемпион атанған ресейлік Даниил Медведев үшінші ракетка ретінде қатысып, бақ сынайды.
Қазақстанның көшбасшы теннисшісі Александр Бублик 17-ракетка ретінде турнирді екінші айналымнан бастайды. Оның қарсыласы әлемнің 37-ракеткасы, франциялық Артур Филс немесе рейтингіде одан бір саты төмен тұрған италиялық Маттео Арнальдидің біреуі болмақ.
Қазақстанның екінші, әлемнің 58-ракеткасы Александр Шевченко алғашқы айналымда рейтингіде 84-орындағы колумбиялық Даниэль-Элаи Галаннан өтуге тырысады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын әлемнің 18-ракеткасы Александр Бубликтің жеке рекордын орнатқанын жазған болатынбыз.