Майами турнирі: Елена Рыбакина мен Юлия Путинцеваның қарсыластары анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — 19-31 наурыз аралығында өтетін Майами (АҚШ) WTA 1000 турнирінің жеребесі тартылды.

Теннис
Фото: pixabay.com

Аталмыш додада төртінші ракетка болып тіркелген Елена Рыбакина жарысты екінші айналымнан бастайды.

Қазақстанның көшбасшы теннисшісі дүниежүзілік рейтингіде 51-орында тұрған америкалық Кэролайн Доулхайд немесе іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен кездеседі.

Қазақстанның екінші, әлемнің 68-ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда рейтингіде 74-сатыдағы түбі – молдовалық, Испания өкілі Кристина Бучамен ойнайды.

Өткен жылы Е.Рыбакина Майами додасында финалға дейін жетіп, чехиялық Петра Квитоваға 6:7 (14:16), 2:6 есебімен есе жіберген еді.

Ю.Путинцева алғашқы айналымнан аса алмаған болатын.

Елена Рыбакинаға өткен жылғы ұпайын қорғау үшін кемінде финалға дейін жетуі керек. Бұған дейін ол денсаулығына байланысты Индиан-Уэллс WTA 1000 жарысына қатысудан бас тартып, 2023 жылғы чемпиондық атағын қорғай алмаған еді.

Индиан-Уэллсте кеше финалда грекиялық Мария Саккариді 6:4, 6:0 есебімен жеңген әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек чемпион атанды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын жас теннисші Заңғар Нұрланұлының Хорватиядағы турнирдің финалисі атанғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар