Майами турнирі: Юлия Путинцева ширек финалға жолдама алды

МАЙАМИ. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 68-ракеткасы Юлия Путинцева Майами WTA 1000 турнирінің ширек финалына жолдама алды.

Юлия Путинцева
Фото: Sports.kz

Қазақстандық теннисші 1/8 финалда әлемнің 36-ракеткасы, украиналық Ангелина Калининамен сынға түсті.

Бірінші партияда Путинцева 4:0 есебімен алға кетті. Қарсыласына бір брейк беріп қойғанымен, өз дегеніне жетті – 6:4.

Екіншісінде есесіне Калинина алға шықты – 4:1. Дегенмен Юлия таразы басын теңестіре білді – 4:4. Содан кейін тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:5).

Екі сағат 20 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Путинцева 1 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Калинина 6 брейк-пойнттың екеуін өз есебіне жазды.

Юлия Путинцева жартылай финалға шығу үшін кезінде дүниежүзілік рейтингіде көш бастаған, қазір 32-орындағы Беларусь өкілі Виктория Азаренко немесе әлемнің 30-ракеткасы, ұлыбританиялық Кэти Бултердің қай жеңгенімен шеберлік таластырады.

Қазақстандық теннисші қазірдің өзінде WTA Live рейтингісінде 52-орынға көтерілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің Испанияда негізгі жарысқа жолдама алғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар