Майдангер сержант Тұрсынбай Сыдықов Жеңісті Берлинде қарсы алған
«Біз көргенді балаларымыз ешқашан көрмеуі керек. Олар әр сәт сайын достарын күткен ажалды көрмеулері тиіс. Ешқашан бір үзім нанды армандамаулары керек»,- дейді ардагер.
Оңтүстік Қазақстанның Сайрам ауданынан әскерге шақырылған кезде ол кісі небәрі 21 жаста болатын. Жастайынан жерді еміп өскен бозбала қанды қырғынның ортасынан бір-ақ шыққан. «Мен Мәскеуді қорғауға атсалыстым. Ол жерде не болғанын сіздер көз алдарыңызға да елестете алмайсыздар. Бір тәулік бойы көз ілмедік, нәр татпадық. Және күн сайын командирлердің беретін бұйрығы да бір болатын - бір қадам да артқа шегінбеу. 300 шақырым жерде -Мәскеу. Бір тілім нанды алты адамға бөлетінбіз және «нанға бір тойған күні, о дүниеге аттана беруге болады» дейтінбіз, - деп еске алады ақсақал. Мәскеуді қорғап қалдық, және ол өте бір күшті сезім болатын, дейді Тұрсынбай-ата.
«Қантөгіс соғыстар болды, бірақ біз немісті кері қарай тықсырдық, кейіннен -Висла арқылы, бүкіл Еуропа арқылы жүріп өтіп, Гамбургты азат еттік, сөйтіп сонау Берлинге дейін жеттік. Мен Берлинді көрген сәтте, маған «жақында үйге қайтамыз» деген ой келді, - дейді майдангер. Бірақ әскерден босату туралы бұйрықты 45-шы жылдың қазан айында алған сержант Сыдықов соғысты 617-ші атқыштар полкының құрамында өткізген. 1944 жылдың желтоқсанынан бастап әскер қатарынан босатылғанға дейін 153-ші атқыштар полкына шайқасқан. Ардагердің кеудесінде - 4 орден және 5 медаль тағылған.
45-ші жылдың мамыр айынан кейін ардагер Манчжурия жаққа жіберілген әскери құрылымдардың қатарына түседі. «Жапондықтармен болған соғысқа түсеміз деген әңгімелер айтылды. Бірақ толық жеңіске дейін резервте болдым», -деп еске алады майдангер.
Айтпақшы, Тұрсынбай ақсақал содан бері қолына қару ұстамаған - тіпті аңға шықпаған. Кезінде қолыма тек бейбіт қару ұстауға сөз бергенмін, дейді ол. Бүгінде ақсақал - үбірлі-шүбірлі отағасы: балалары, немерелері мен шөберелері оның өмірінің мәні мен маңызы.
«Осы жылдары тыныштықта, бақуаттылықта өмір сүріп отырғанымыз үшін баршаға рахмет. Жастар да, өкімет те сыйлап, құрметтеп келеді, жан-жақты қамқорлық көрсетілуде. Бейнетімізге қарай зейнетімізді көріп отырғанымыз үшін барша халыққа, Елбасына рахмет. Бәрі жеткілікті, бәрі жетеді», - дейді ақсақал.